date

Еуропада 5 миллион еуро көлеміндегі цифрлық алаяқтар тобы әшкереленді

Еуропада 5 миллион еуро көлеміндегі цифрлық алаяқтар тобы әшкереленді

Еуропа құқық қорғау органдары Латвия аумағында әрекет еткен ірі цифрлық алаяқтар тобын қолға түсірді. Тергеу деректеріне қарағанда, бұл топ мыңдаған адамды алдап, кем дегенде 5 миллион еуро көлемінде зиян келтірген.

Ресми мәлімет бойынша, Латвия полициясы Эстония, Австрия, Europol және Eurojust ұйымдарымен бірлесе отырып «SIMcartel» деп аталған операцияны жүзеге асырған. Тергеу барысында алаяқтардың арнайы SIMbox платформасы арқылы мыңдаған SIM-картаны заңсыз басқарып, қолданушылардың жеке тұлғасын жасырып және жалған аккаунттар құрғаны анықталған.

Тергеу нәтижесінде дәл осы жүйе арқылы шамамен 50 миллион онлайн-аккаунт құрылғаны белгілі болды. Осы аккаунттар арқылы әртүрлі елдерде банктік және инвестициялық алаяқтықтар, сондай-ақ басқа қаржылық қылмыстар жасалған.

Europol хабарлауынша, 3200-ден астам адам зардап шегуші ретінде тіркелген. Залалдың басым бөлігі — шамамен 4,5 миллион еуро — Австрия азаматтарына тиесілі, ал Латвияда 420 мың еуро көлемінде шығын болған.

Сонымен қатар, тергеу «SIMcartel» тобы тек онлайн алаяқтықпен шектелмей, мигранттарды заңсыз тасымалдау және бопсалау істерімен де байланысты болуы мүмкін екенін көрсетті.

Қазіргі уақытта жеті күдікті ұсталды, олардың көбі — Латвия азаматтары. Олардың байланыс жүйелері мен компьютерлік құрылғылары сараптамаға жіберілді. Europol тергеуді кеңейтіп, басқа мемлекеттердегі қатысы бар тұлғаларды да анықтауды жоспарлап отыр.

Сарапшылар бұл оқиғаны «соңғы жылдардағы Еуропадағы ең ірі цифрлық алаяқтық операцияларының бірі» деп бағалап отыр. Тергеушілердің пікірінше, бұл топтың әрекеті тек қаржылық емес, сонымен қатар киберқауіпсіздікке де елеулі қатер төндіреді.

Europol мәліметінше, операция жалғасып жатыр және жаңа күдіктілерді анықтау бойынша қосымша жұмыстар жүргізілуде. Еуропа елдері бұл жағдайдан кейін цифрлық қауіпсіздікті күшейту қажеттігін тағы да түсінді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Еуропада 5 миллион еуро көлеміндегі цифрлық алаяқтар тобы әшкереленді