date

Айдан алынған топырақта сирек кездесетін метеорит іздері табылды

Айдан алынған топырақта сирек кездесетін метеорит іздері табылды

Айдан алынған үлгілерде күтпеген заттар байқалды. Қытай ғалымдары Айдың Жерге қарама-қарсы бөлігінде орналасқан аумақтан алынған топырақтың құрамын зерттей келе, онда сирек кездесетін метеорит бөлшектері - карбон хондрит элементтерін анықтады, деп хабарлады PNAS журналында жарияланған ғылыми мақала.

Бұл нәтиже Гуанчжоудағы Геохимия институтының мамандары жүргізген зерттеулер негізінде жарияланған. Ғалымдардың айтуынша, карбон хондриттері су мен органикалық қосылыстарға бай ғарыштық денелерде кездеседі және олар негізінен Күн жүйесінің сыртынан түседі. Жер бетінде бұл заттар өте сирек кездеседі.

Мамандардың пікірінше, бұл жаңалық Айдың тарихы туралы ғылыми көзқарастарға жаңа бағыт ашуы мүмкін. Яғни, Ай мен Жер бұрын ойластырылғаннан да көп метеориттермен соқтығысуы мүмкін. Бұл Ай бетінде судың қалай пайда болғаны және оның шығу көзі туралы нақтырақ қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ анықталған карбон хондрит элементтері Айдағы су іздерінің таралуын, оның эволюциясы мен геологиялық процестерін тереңірек түсінуге түрткі болады деп күтілуде. Ғылыми топ бұл олжа Айдағы су ресурстарын іздеуде маңызды қадам болуы мүмкін екенін айтады.

Ақпарат үшін, бұл үлгілер Қытайдың Чанге-6 миссиясы аясында жиналды. 2024 жылдың 3 мамырында Айға ұшырылған зонд 2 июньде оңтүстік полюстегі Аполлон кратеріне сәтті қонды және ол жерден топырақ пен тас үлгілерін алды. 25 июньде ол Жерге қайта қонды.

Осылайша, Қытай адамзат тарихында алғаш рет Айдың арғы жағынан, яғни Жерден көрінбейтін жағынан үлгілер әкелген елге айналды. Бұл миссия ғылыми тұрғыдан ғана емес, геосаяси бедел тұрғысынан да үлкен маңызға ие.

Бақылаушылардың пікірінше, бұл жаңалық болашақ Айды зерттеуге жаңа кезең әкеліп, адамзаттың ғарышты тану жолындағы маңызды қадам болады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Айдан алынған топырақта сирек кездесетін метеорит іздері табылды