date

АҚШ-та белгісіз біреу Пентагонға 130 миллион доллар берді

АҚШ-та белгісіз біреу Пентагонға 130 миллион доллар берді

АҚШ-та үкімет қызметі уақытша тоқтап тұрғанда, елдің қорғаныс жүйесі күтпеген жерден анонимді дереккөз арқылы қаржылай қолдау алды. Politico басылымының жазуынша, Пентагон 130 миллион доллар көлеміндегі қайырымдылық қаражатын алғанын растады.

Қорғаныс министрлігінің өкілі Шон Парнелл бұл қаржыны мемлекет емес, жеке тұлға бергенін айтты. Оның айтуынша, ақша негізінен әскери қызметшілердің айлық жалақысын төлеуге бағытталады. Бірақ қайырымдылық жасаған адамның кім екені айтылмады - тіпті ол АҚШ азаматы ма, жоқ па деген сұраққа да жауап берілмеді.

Қолданыстағы заңдарға сәйкес, әскерилерге немесе олардың отбасыларына 10 мың доллардан асатын қайырымдылық этика комиссиясы тарапынан тексерілуі тиіс. Бұл арқылы "донордың мүдделері мемлекеттік шешімдерге әсер етпейді" деген кепілдік анықталады.

АҚШ президенті Дональд Трамп өз сөзінде бұл қайырымдылық туралы білетінін айтты, бірақ донордың есімін жарияламады. Оның айтуынша, ақша "достық пен жанашырлық сезімімен" берілген. Сонымен қатар, Трамп үкіметтің жұмысын тоқтатқаны үшін Демократиялық партияны тағы да айыптады.

Мәліметтерге қарағанда, берілген қаражат барлық әскерилердің жалақысын толық өтемейді. Тек қазан айының бірінші жартысында Пентагон жалақыға шамамен 6,5 миллиард доллар жұмсады. Келесі аптада Конгресс осы мәселе бойынша жаңа заң жобаларын қарайды деп күтілуде.

1 октябрьден бастап АҚШ-та жаңа қаржы жылына арналған бюджет қабылданбағандықтан бірқатар мемлекеттік мекемелер жұмысын тоқтатты. Бұл елде "шаттаун" деп аталады. Үкіметтегі келіспеушіліктер негізінен кедейлер үшін медициналық сақтандыру бағдарламасы - Obamacare-ді қаржыландыру мәселесіне байланысты. Демократтар бұл бағдарламаны қолдаса, республикашылар оны қысқартуды қолдайды.

Шатдаун салдарынан бірқатар министрліктерде қысқартулар жүргізілді. Әділет министрлігінің мәліметінше, қаржы, денсаулық сақтау және білім беру салаларын қоса алғанда, 4200-ден астам мемлекеттік қызметкер жұмыстан босатылды. Сонымен қатар, Трамп Қорғаныс министріне үкіметтің жұмысы тоқтағанына қарамастан, әскерилердің жалақысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Мұндай жағдай соңғы рет 2018 жылдың соңында болған еді. Сол кездегі 35 күндік бюджет кедергісі АҚШ тарихындағы ең ұзақ тоқтап қалу ретінде тіркелді. Оның себебі Трамптың Мексикамен шекарада қорған салуға үлкен қаражат бөлу туралы талабы болды.

Бұл жолы ең қызықтысы - Пентагонның анонимді қайырымдылық қабылдауы. АҚШ-та мұндай көлемдегі жеке қаржылай қолдау үкімет жүйесінде алғаш рет тіркеліп отыр және бұл саяси ғана емес, құқықтық сұрақтарды да тудырды.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай мемлекеттің қаржылық тұрақтылығы туралы маңызды сигнал болуы мүмкін. Жеке тұлғалардың мемлекеттік жүйелерге қаржылық көмек көрсету үрдісі болашақта жаңа саяси пікірталастардың негізіне айналуы мүмкін.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » АҚШ-та белгісіз біреу Пентагонға 130 миллион доллар берді