date

АҚШ дрондары Газадағы жағдайды нақты уақытта бақылап отыр

АҚШ дрондары Газадағы жағдайды нақты уақытта бақылап отыр

Газа секторындағы бітім шартының бұзылу қаупі артып жатқанда, АҚШ үкіметі аймақта жаңа бақылау жүйесін іске қосты. New York Times басылымының жазуынша, Пентагон соңғы күндері Израильмен келісе отырып, Газа аспанында бақылау дрондарын қолдануды бастаған.

Дереккөздердің айтуынша, бұл дрондар бітімгершілік үдерісін сақтауды қамтамасыз ету және жер үсті қозғалыстарын бақылау үшін арналған. АҚШ әскері олардың нақты бағытын жарияламады, бірақ ұшулар АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) Израильдегі Азаматтық-әскери үйлестіру орталығымен ынтымақтастықта жүзеге асырылып жатқаны белгілі болды.

Бұл орталықтың негізгі міндеті Газадағы бітімгершілік үдерісін бақылау, гуманитарлық және қауіпсіздік көмегін үйлестіру болып табылады. АҚШ, Қатар және Мысырдың делдалдығымен жасалған бітімшарт 10 октябрьден бері күшінде болғанымен, қазір оны орындау бойынша күрделі қарама-қайшылықтар байқалуда.

Сондықтан АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, мемлекеттік хатшы Марко Рубио және бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер Израильге барып, бейбітшілік үдерісін нығайту бойынша келіссөздер жүргізуде. Bloomberg пен CNN дереккөздерінің хабарлауынша, Ақ үйде де Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху келісімнен бас тартуы мүмкін деген алаңдаушылық бар.

Рубио Израильдегі орталыққа сапары барысында "бейбітшілік үдерісінде қиын бұрылыстар болуы заңды, бірақ бізде салауатты оптимизм үшін жеткілікті негіз бар" деп атап өтті.

Бір қызығы, бұл жолы АҚШ Израильдің барлау дрондарын қолданудың орнына өз дрондарын іске қосты. Сарапшылар мұны Вашингтонның жағдайды өз бетінше бағалауға деген ниетімен түсіндіреді.

Айта кетейік, Газа соғысы кезінде АҚШ пен Израиль әскери барлау мәліметтерін үнемі бөлісіп отырған. Бұған дейін АҚШ кепілге алынғандарды құтқару операцияларында MQ-9 Reaper дрондарын пайдаланған және бұл мәліметтерді Израильге жеткізген.

Дегенмен, бұл жолғы миссия АҚШ-тың жағдайға қатысты тәуелсіз позиция ұстанатынын көрсетеді. Бұрынғы АҚШ елшісі Даниэль Шапиро мұны "Израиль белсенді қауіп ретінде қарастыратын майданда Америка мониторингі үшін өте терең қадам" деп сипаттады.

Оның пікірінше, Вашингтон мен Тель-Авив арасында толық сенім болса, мұндай тәуелсіз бақылаудың қажеті болмас еді.

CENTCOM өкілі капитан Тимоти Хокинстің айтуынша, "Азаматтық-әскери орталықта Газадағы оқиғаларды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін арнайы алаң ұйымдастырылған және жағдай өте нәзік."

Әзірге Израиль армиясы мен АҚШ Мемлекеттік департаменті дрондарға қатысты ресми түсініктеме бермегенімен, сарапшылар бұл қадам Вашингтонның аймақтағы дипломатиялық қызметін жаңа деңгейге көтеруі мүмкін деп есептейді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » АҚШ дрондары Газадағы жағдайды нақты уақытта бақылап отыр