date

Жапонияда шошқалар адамдарға донор бола алады

Жапонияда шошқалар адамдарға донор бола алады

Жапония ғылымы медицина саласында жаңа, тарихи кезеңге қадам басуда. Елде PorMedTec деп аталатын стартап 2027 жылға дейін адамдарға ағзаны ауыстыру мақсатында арнайы клондалған шошқаларды өсіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы "Nikkei Asia" басылымы хабарлады.

Мәліметтерге қарағанда, PorMedTec компаниясы АҚШ-тағы биотехнология алпауыты eGenesis-пен бірлесіп, қарапайым шошқалардың жасушаларын пайдаланып, олардың генетикалық көшірмелерін жасайды. Бұл үдерісте шошқалардың ДНҚ-сы адам ағзасы тарапынан қабылданбау ықтималдығын азайту мақсатында алдын ала өзгертіледі.

Жоба аясында Осака қаласында арнайы ферма салынады. Мұнда жылына кемінде 100 дана клондалған шошқа өсіру жоспарлануда. Жануарлар жеткілікті дәрежеде өскенде, олардың органдары трансплантациялау үшін медициналық орталықтарға жіберіледі.

Ферма заманауи технологиялармен жабдықталады: жасанды интеллект жүйесі бар бақылау камералары арқылы шошқалардың температурасы, қозғалысы және денсаулығы үнемі бақыланады.

Сарапшылардың айтуынша, шошқалардың ағзалары көлемі мен құрылымы жағынан адамға өте жақын. Сондықтан олар болашақта адам ағзаларын алмастыруда маңызды ресурсқа айналуы мүмкін.

2023 жылдың февраль айында Мэйдзи университеті мен eGenesis компаниясы Жапонияда алғаш рет адам ағзасын трансплантациялау үшін үш клондалған шошқа жасағанын хабарлады. Кейінірек, сол жылдың ноябрінде жапон ғалымдары шошқаның бүйрегін маймылға сәтті көшіруге қол жеткізді.

PorMedTec жобасын 2017 жылы Мэйдзи университеті іске қосты, оның мақсаты регенеративті медицина саласында жаңа буын биоматериалдарын әзірлеу және әлемдік медицинаның дамуына үлес қосу болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Қытай ғалымдары әлемде алғаш рет адамға шошқа өкпесін трансплантациялау тәжірибесін жүзеге асырды. Бұл сәтті тәжірибе Гуанчжоу қаласындағы медициналық орталықта жүргізіліп, жануардың гендері CRISPR технологиясы көмегімен өзгертілді - ол алты редакцияланған генге ие болды.

Ғалымдардың пікірінше, мұндай тәжірибелер болашақта донорлық органдардың жетіспеушілігі мәселесін шешуде маңызды рөл атқарады және адам өмірін сақтап қалу мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Жапонияда шошқалар адамдарға донор бола алады