date

Үндістанда ауа ластануына қарсы жасанды жаңбыр сынағы өткізілді

Үндістанда ауа ластануына қарсы жасанды жаңбыр сынағы өткізілді

Үндістан астанасы Делиде экологиялық жағдай тағы нашарлады - ауаның ластануы "денсаулыққа қауіпті" деңгейге жетті. Бұл туралы The Indian Express хабарлаған.

Жергілікті тұрғындардың тыныс алуы қиындаған, көптеген балалар мен қарт адамдар тыныс алу жолдарымен байланысты ауруларға шағымданады. Ауа тұман мен шаңға толып, қала көшелерінде көру қашықтығы күрт төмендеді. Әсіресе, "Дивали" мерекесінде жаппай петарда жағу ластану деңгейін одан әрі арттырды, деп жазады дереккөз.

Дели премьер-министрі Реха Гупта жағдайды жеңілдету үшін жаңа технология - жасанды жаңбыр жаудыру әдісін іске қосу жоспары туралы хабарлады. Оның айтуынша, бұлттарды ұрықтандыру бойынша дайындық жұмыстары аяқталды және сынақ ұшулары да жүзеге асырылды.

"Біз ауа сапасын жақсартудың инновациялық әдістерін іздестірудеміз. Жасанды жаңбыр технологиясы арқылы ауадағы зиянды бөлшектерді төмен түсіруге болады. Егер ауа райы мүмкіндік берсе, 28-30 октябрь күндері алғашқы толық сынақты өткіземіз," - деді Гупта.

Мәліметтерге қарағанда, алғашқы тәжірибелік ұшу Какра мен Бурари аймақтары арасында өтіп, төрт сағатқа созылған. Бұл процесте бұлттарға күміс иодиді мен натрий хлориді ұшақтардың көмегімен себілді. Бұл заттар су тамшыларының конденсациясын күшейтіп, ірі тамшылар түзеді және жауын-шашынды тудырады.

Экология министрі Манджиндер Сингх Сирса технологияның жүзеге асуы үшін аспанда табиғи бұлттардың болуы қажет екенін түсіндірді. "Бұлттарсыз ұрықтандыру мүмкін емес. Алдымен бұлт түзілуі керек, сонда ғана жауын-шашынды шақыруға болады," - деді ол.

Жасанды жаңбыр (cloud seeding) технологиясы әлемде алғаш рет 1946 жылы АҚШ-та сыналды. Кейінірек ол Австралияда, Қытайда және БАӘ-де кеңінен қолданылып, ауаны тазартуда және құрғақшылықпен күресуде тиімді әдіс ретінде танылды.

Дели үкіметі бұл технология арқылы тек ауаны тазартып қана қоймай, халықтың денсаулығын қорғауға, қоршаған ортаны жақсартуға және экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге бағытталған.

Әзірге сынақ нәтижелері жарияланбады, бірақ сарапшылар егер процесс сәтті өтсе, бұл Үндістанның ең үлкен экологиялық проблемасын уақытша болса да жеңілдетуі мүмкін екенін айтады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Үндістанда ауа ластануына қарсы жасанды жаңбыр сынағы өткізілді