date

Нью-Йорктегі мұсылман мэрдің жеңісінен кейін Израильде алаңдаушылық күшейді

Нью-Йорктегі мұсылман мэрдің жеңісінен кейін Израильде алаңдаушылық күшейді

Нью-Йорк қаласында өткен сайлау Америкада ғана емес, Израильдің саяси ортасында да үлкен пікірталас тудырды. Себебі - 34 жастағы мұсылман-демократ саясаткер Зоҳран Мамдани мэр сайлауында жеңіске жетті. Оның жеңісі қаладағы үлкен еврей қауымы мен Израиль билігі арасында өткір пікір тудырды.

Израильдегі диаспора мәселелері және антисемитизммен күрес министрі Аммихай Шикли бұл оқиғадан кейін еврейлерді "отанына оралуға" шақырды. Оның пікірінше, "Нью-Йорк енді ешқашан бұрынғыдай болмайды, әсіресе оның еврей халқы үшін." Шикли өз мәлімдемесінде Мамданидің жеңісін "еркіндіктің символы болған қаланың фанатизм жолына түсуі" деп бағалады.

"Бір кездері еркіндіктің символы болған Нью-Йорк қазір фанатиктердің идеяларына жақын саясаткердің қолына өтті. Егер еврейлер өз қауіпсіздігі мен ертеңін ойласа, Израильге оралатын уақыт келді," - деп жазды министр X парақшасында.

Шиклидің айтуынша, "Нью-Йорк пен Лондон сияқты қалалар қазір құлама жолға түсіп жатыр." Бұл пікірге Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі және оңшыл "Осма Ехудит" партиясының басшысы Итамар Бен-Гвир де қосылды. Ол "Мамдани - ХАМАС жақтасы, Израильдің жауы және ашық антисемит" деп мәлімдеді.

Мәліметтерге қарағанда, Нью-Йорк қаласында шамамен 1,3 миллион еврей тұрады - бұл Израильден тыс әлемдегі ең үлкен еврей диаспорасы. Сондықтан Мамданидің жеңісі олардың арасында үлкен алаңдаушылық тудырды.

Ал Мамдани өзінің саяси бағдарламасында әлеуметтік теңдік, экономикалық әділеттілік және "байлар үшін салықтарды арттыру" арқылы халықтың мүддесін қамтамасыз ету идеяларын алға тартты. Ол жалдау ақысын мұздатуды, мектепке дейінгі білім беруді тегін етуді, қоғамдық автобустардың тегін жүруіне мүмкіндік беруді және азық-түлік дүкендері желісін ашуды жоспарлап отыр.

Сайлау қорытындысы бойынша ол 50,4 пайыз дауыспен жеңіске жетті, ал екінші орынды бұрынғы губернатор Эндрю Куомо 41,6 пайыз дауыспен иеленді. Қалған кандидаттар айтарлықтай басымдыққа ие бола алмады.

Бұл оқиғадан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп та жауап берді. Ол Мамданиді "солшыл коммунист" деп атады және "оның идеялары қаланы экономикалық дағдарысқа әкеледі" деп мәлімдеді.

Қазір Нью-Йоркте саяси ахуал шиеленісіп тұр. Мамданидің жеңісі, бір жағынан, азшылықтар үшін үлкен жеңіс болса, екінші жағынан, діни және саяси көзқарастар қақтығысқан жаңа дәуірдің басталуы ретінде қарастырылады.

Жаңа қала басшысының саясаттағы алғашқы қадамдарын тек американдықтар ғана емес, бүкіл әлем қауымдастығы мұқият бақылап отыр.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Нью-Йорктегі мұсылман мэрдің жеңісінен кейін Израильде алаңдаушылық күшейді