date

Украинада әскери тұтқынды өлтірген орыс жауынгері өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Украинада әскери тұтқынды өлтірген орыс жауынгері өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Украинада сот ресейлік әскери қызметкер Дмитрий Курашовты украин тұтқынын атқаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сот шешімі 6 ноябрьде Запорожье облысының Заводский аудандық сотында жарияланды. Сот алқасы - Ольга Погребная, Алла Завиновская және Руслан Синельник - Курашовтың іс-әрекеті адамзат пен халықаралық әскери заңдар үшін ауыр қылмыс екенін атап өтіп, ең жоғары жазаны қолданды.

Сот процесін DW тілшісі жариялады. Прокурор Никита Маневский Курашовқа өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. "Айыпталушы сот процесінде ешқандай өкіну немесе өкініш білдірмеді. Оның жүзінен селқостық кетпеді. Бұл оның әрекетіне деген көзқарасын көрсетеді," - деді прокурор.

Курашов сотта сөйлеуден бас тартты. Алайда адвокаты Анна Карпенко өз клиентін қорғап, ол "шок жағдайында болғанын" және "бұйрықты орындаймын деп ойлағанын" айтты. Оның айтуынша, Курашовқа шабуыл алдында тұтқындарға қалай қарау керектігі туралы нұсқау берілмеген, "ешкімді тұтқынға алмау" туралы бұйрық берілген. Сондықтан адвокат соттан жазаны жеңілдетуді сұрады.

Тергеу мәліметінше, 26 жастағы "Сталкер" лақап атты Курашов 2024 жылдың 6 январында Запорожье облысының Пологовский ауданында украин позицияларына шабуылға қатысқан. Оның қолынан қарусыз, беріліп жатқан украин жауынгері - 41 жастағы Виталий Г. қаза тапты. Куәгерлердің айтуынша, Виталий қолын көтеріп, тізерлеп тұрған кезде Курашов оған үш рет оқ атқан.

Алғашқы отырыста Курашов кінәсін мойындады, бірақ жауап беруден бас тартты. Журналистермен сұхбатында ол "сот процесін тезірек аяқтау үшін кінәсін мойындағанын" айтты. Ол тіпті тұтқындарды айырбастауға үміттенетінін білдірді.

Сонымен қатар, айыпталушы оқиғаға басқа бір орыс сарбазын кінәлауға тырысып, "тұтқынды фельдшер атқан" деген нұсқаны алға тартты. Бірақ мұны басқа орыс тұтқындары - Олег Замятин, Константин Зеленин және Дмитрий Зуев теріске шығарды. Олардың бірі сотта Курашовтың оқ атқанын өз көзімен көргенін растады.

Сотта украиналық әскери Александр Д. да куәлік берді. Ол позицияны қайта алғаннан кейін қаза тапқан жерлесі Виталий Г-ның денесін басқа бес жауынгермен бірге тапқанын хабарлады. "Қарусыз жатқан, басынан оқ тиіп қаза тапқан болуы мүмкін," - деді ол.

Сот Курашовтың әрекетін халықаралық гуманитарлық құқықты өрескел бұзу деп бағалады. Ол "соғыс ережелері мен әдет-ғұрыптарын бұзғаны үшін, яғни тұтқынды қасақана атып өлтіргені үшін" кінәлі деп танылды.

Бұл Украина соттары тарапынан ресейлік әскериге қатысты қолданылған ең ауыр үкімдердің бірі болып табылады. Үкім әлі күшіне енген жоқ - Курашов оған бір ай ішінде шағымдануға құқылы.

Украина құқық қорғау органдарының айтуынша, бұл іс халықаралық қауымдастық үшін маңызды сигнал - кез келген соғыс қылмысы, тіпті майданда жасалса да, жазасыз қалмайды.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Украинада әскери тұтқынды өлтірген орыс жауынгері өмір бойына бас бостандығынан айырылды