date

"Фунг-Вонг" тайфуны Филиппинді дүр сілкіндіріп, миллион адам эвакуацияланды

"Фунг-Вонг" тайфуны Филиппинді дүр сілкіндіріп, миллион адам эвакуацияланды

Филиппин аспанын жапқан "Фунг-Вонг" тайфуны бүкіл елге шынайы қауіп төндірді. South China Morning Post-тың хабарлауынша, алдағы қауіпті дауылдың салдарынан бір миллионға жуық азамат қауіпсіз жерге көшірілді.

Ресми мәлімет бойынша, Лусон аралының бірқатар аудандарында қазірдің өзінде қатты жаңбыр мен жел байқала бастады. Тайфунның әсерінен су деңгейі күрт көтеріліп, электр қуаты үзілуде. Үкімет тез арада эвакуациялық орталықтарды іске қосты.

Ауа райының күрт нашарлауына байланысты ел бойынша 400-ден астам әуе рейсі тоқтатылды. Көптеген мектептер мен кеңселердің қызметі уақытша тоқтатылды. Қазір желдің жылдамдығы сағатына 230 шақырымға жеткені айтылады. Метеорологтардың айтуынша, "Фунг-Вонг" бүгін түнде Лусонның шығыс жағалауында орналасқан Аврора провинциясына жетуі мүмкін.

Үкімет төтенше жағдай жариялап, елдің орталық және оңтүстік-шығыс аймақтарында ең жоғары - бесінші дәрежелі қауіп туралы ескерту жасады. Құтқару топтары халықты белсенді түрде эвакуациялап, су тасқыны қаупі жоғары аймақтарды бақылауға алды.

Қазіргі уақытта Филиппин әлі де бірнеше апта бұрын шабуыл жасаған "Калмаэги" тайфунының салдарын жоюмен айналысуда. Сол апаттан 224 адам қаза тауып, мыңдаған үйлер қирағаны хабарланды.

Метеорологтар "Фунг-Вонгтың" күші "Калмаэгиден" де жоғары болуы мүмкін екенін айтып, тұрғындарды сақтық шараларын қолдануға шақырады. Кейбір аймақтарда электр қуатының үзілуі, жолдардың жабылуы және су тасқыны күтілуде.

Филиппин Азия аймағында тайфундар ең көп келетін елдердің бірі болып табылады. Жыл сайын ондаған дауыл ел халқын сынаққа салады. Бірақ бұл жолы "Фунг-Вонгтың" күш-қуаты мен бағыты елді тағы да үлкен сынақтың алдында қалдырады.

Үкімет пен халықаралық ұйымдар халықты азық-түлікпен, ауыз сумен және алғашқы медициналық көмек құралдарымен қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдетті. Осындай жағдайда ел азаматтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, табиғат сынағын бірге жеңуге тырысып жатқаны байқалады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Код анық көрінбесе, оны жаңарту үшін суретті басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » "Фунг-Вонг" тайфуны Филиппинді дүр сілкіндіріп, миллион адам эвакуацияланды