date

Зеленский Британия мен Еуропа басшыларына ашық үндеу жасады

Зеленский Британия мен Еуропа басшыларына ашық үндеу жасады

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің түнгі дрондар шабуылы аясында елдің әуе қорғанысы мен халықаралық көмек туралы айтты. Оның айтуынша, Киев қазіргі уақытта Еуропа Одағымен және Ұлыбританиямен ынтымақтастықта әрекет етуде, бірақ Украина қалаларының үстінен әуе патрулін ұйымдастыру үшін шетелдік әскери ұшақтар әлі жіберілмеген.

Зеленскийдің айтуынша, Британия мен басқа одақтастар Киевтің ұзақ уақыттан бері сұрап келген әуе қорғанысы көмегін жүзеге асыруға әлі шешім қабылдаған жоқ. "Еуроодақтың көмегі ешқашан жеткіліксіз - соғыс аяқталғанда жетеді. Путин тоқтауға мәжбүр болғанын түсінгенде ғана біз мұны сезінеміз," - деді ол The Guardian басылымына берген сұхбатында.

Украина басшысы Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен қарым-қатынасы жылы екенін атап өтіп, көмек көлемінің шектелуі жеке Стармерге байланысты емес екенін айтты. Сонымен қатар, Зеленский Еуропа елдерінің сақтық позициясын сынға алды: "Көшбасшылар өз қоғамынан қорқады. Олар соғысқа алаңдағысы келмейді. Бірақ әскер жіберу мәселесі - әр мемлекеттің жеке шешімі," - деді ол.

Президенттің айтуынша, егер Киев одақтастарға шамадан тыс қысым көрсетсе, бұл Украинаға қаржылық және әскери көмектің қысқаруына себеп болуы мүмкін. "Біз қажетті көмекті талап етеміз, бірақ серіктестермен қарым-қатынасты да мұқият сақтауымыз керек," - деді Зеленский.

Ол сұхбат барысында Ресейдің Еуропаның басқа елдеріне қарсы "екінші майдан" ашуы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, Польша аумағының маңында, сондай-ақ Брюссель, Копенгаген және Мюнхен айналасында байқалған белгісіз дрондар Мәскеу тарапынан жаңа шабуылдарды сынақтан өткізу ықтималдығын білдіреді.

8 ноябрьде Украинадағы ірі электроэнергетикалық кәсіпорындардың бірі - "Центрэнерго" Ресейдің түнгі әуе соққысынан кейін жұмысын тоқтатқанын хабарлады. Бір күннен кейін елдің бірнеше аймағында уақытша электр қуаты өшірілді. The Guardian журналистерінің хабарлауынша, Зеленскиймен Киевтегі Мариинский сарайында болған сұхбат кезінде де жарық екі рет өшкен. Президент бұл жағдайды "әдеттегі өмір" деп түсіндірді: "Бізде өмір солай. Электр қуаты өшеді, бірақ біз өмір сүреміз және күресеміз," - деді ол.

Сонымен қатар, Зеленский Германияға және жеке канцлер Фридрих Мерске АҚШ-та жасалған Patriot әуе қорғаныс жүйесін жеткізгені үшін алғысын білдірді. Алайда, қанша кешен және қай есептен берілгені туралы нақты ақпарат жария етілмеген. DW-дің жазуынша, Германия Қорғаныс министрлігі Пентагонмен келісім негізінде 2025 жылдың июль айында Украинаға тағы екі Patriot жүйесін жіберуді жоспарлап отырғанын растады.

Украина қазір Ресейдің әуе шабуылына қарсы күресте Еуропадан келетін қару-жарақты, әуе қорғаныс жүйелерін және энергетикалық инфрақұрылымды қорғауға баса назар аударады. Зеленскийдің айтуынша, соғыстың аяқталуы үшін Украина емес, Ресей шешім қабылдауы керек - ал Путинді мұны түсінуге тек күш пен бірлік қана мәжбүрлей алады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Код анық көрінбесе, оны жаңарту үшін суретті басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Зеленский Британия мен Еуропа басшыларына ашық үндеу жасады