date

Музыка тыңдау операция кезінде наркоздың қажеттілігін азайтты

Музыка тыңдау операция кезінде наркоздың қажеттілігін азайтты

Үндістанда жүргізілген жаңа ғылыми зерттеу хирургиялық операция кезінде инструменталды музыка тыңдау пациенттерде наркозға деген қажеттілікті айтарлықтай азайтатынын дәлелдеді. The Independent мәліметінше, зерттеу Делидегі Лок Наяк ауруханасы мен Маулана Азад медициналық колледжінде өт қуығын алып тастау операциясы (лапароскопиялық холецистэктомия) жасалған 56 науқаста жүргізілген.

2023 жылдың март айынан 2024 жылдың январь айына дейін жүргізілген бұл зерттеудің негізгі мақсаты наркоз мөлшерін азайту және операция алдындағы стресс деңгейін төмендету болды. Барлық науқастарға бірдей наркоз жиынтығы берілгенімен, тек бір топ операция кезінде құлаққап арқылы музыка тыңдаған. Оларға үнді флейтасы немесе пианино негізіндегі тыныштандыратын композициялар қойылды.

Наркозға деген қажеттілік күрт төмендеді

Нәтижелерге қарағанда, музыка тыңдаған науқастарға негізгі наркоз құралы - пропофол - әлдеқайда аз мөлшерде қажет болған. Оларға сағатына әр кг үшін орта есеппен 6,7 мг, ал бақылау тобында 7,86 мг пропофол қажет болды. Мамандар мұны "көзге көрінетін айырмашылық" деп бағалады.

Сонымен қатар, музыка тыңдаған науқастарда операция кезінде жүрек соғысы немесе қан қысымы көтерілгенде қосымша берілетін күшті ауырсынуды басатын дәрі - фентанилге де қажеттілік туындамады.

Стресс деңгейі төмен, қалпына келу жылдам

Зерттеуде қандағы кортизол мөлшері бойынша бағаланған физиологиялық стресс те айтарлықтай төмен екені анықталды. Операциядан кейін бақылау тобында кортизолдың орташа мөлшері 536 мл, ал музыка тыңдаған науқастарда 417 мл болды. Бұл - ағзаның отаға қатты күйзеліспен жауап бермегенін білдіреді.

Сондай-ақ, музыка тыңдаған науқастарда наркоздан ояну да жеңіл өтіп, қалпына келу үдерісі тезірек болды.

Мамандар музыканы арзан, қауіпсіз және клиникада оңай қолдануға болатын қосымша терапия ретінде бағалайды. Зерттеу сонымен қатар болашақта хирургиялық операцияларда музыканы қолдану кең таралуы мүмкін екенін көрсетеді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Музыка тыңдау операция кезінде наркоздың қажеттілігін азайтты