
АҚШ әскері Венесуэла жағалауына жақын аумақта тағы бір мұнай танкерін қолға түсірді. Бұл оқиға АҚШ президенті Дональд Трамптың Венесуэлаға кіріп-шығып жатқан, Америка санкцияларына ұшыраған барлық мұнай танкерлерін толығымен бұғаттау туралы бұйрығынан бірнеше күн өткен соң болды.
Каракас билігі бұл әрекетті ашықтан-ашық "ұрлық" деп бағалап, АҚШ-тың мұндай қадамдары жауапсыз қалмайтынын мәлімдеді. Венесуэла үкіметі халықаралық аренада барлық мүмкіндіктерді пайдалануға, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жүгінуге ниетті екенін білдірді.
Бұл екі апта ішінде танкердің тоқтатылуымен байланысты екінші жағдай. Айта кетерлігі, бұл жолы тұтқындалған кеме ресми түрде АҚШ санкцияларының тізіміне енгізілмеген еді. Сондықтан оқиға төңірегіндегі сұрақтар көбейе түсті.
Соңғы айларда АҚШ Венесуэла жағалауында әскери қатысуын күрт арттырды. Вашингтон бұл әрекеттерді есірткі саудасына қарсы күреспен түсіндірсе, Каракаста бұған басқа көзқарас басым. Венесуэла басшылығының айтуынша, АҚШ елдің табиғи байлықтары, ең алдымен мұнайға бақылауды күшейтіп, саяси жүйені өзгертуге тырысуы мүмкін.
Мәліметтерге қарағанда, қыркүйек айынан бері АҚШ Кариб теңізінде есірткі саудасына күдікті 20-дан астам кемені нысанаға алған. Бұл операциялардың салдарынан кем дегенде 87 адамның қаза тапқаны хабарланды.
Естеріңізге сала кетейік, 10 декабрьде АҚШ Иранмен байланысы үшін санкцияға ұшыраған Skipper атты ірі мұнай танкерін де ұстады. 20 декабрьдегі операция АҚШ жағалау күзеті тарапынан әскерилердің қолдауымен жүзеге асырылды. Арнайы тактикалық топ халықаралық суларда болған кеменің палубасына шығып, оны тоқтатқан.
АҚШ ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм әлеуметтік желідегі сөзінде жеті минуттық операцияның видеосын жариялап, Америка санкциялармен бетпе-бет келгенін және аймақтағы есірткі терроризмін қаржыландыру үшін пайдаланылатын мұнай айналымына қарсы күресті жалғастыратынын айтты.
БАҚ мәліметінше, сенбі күні тоқтатылған Centuries кемесі АҚШ санкцияларының тізімінде болмаған. CNN хабарлауынша, Панама туы астында жүзген бұл кеме Азияға бет алған. BBC Verify болса, танкер соңғы бес жылда Қытайға тиесілі болып, түрлі кезеңдерде Грекия мен Либерия туларының астында да жүргенін атап өтті.
Венесуэла мұнайына қатысты АҚШ санкциялары сақталғанымен, кейбір компаниялар үшін ерекшеліктер бар. Атап айтқанда, Америкаға тиесілі Chevron Венесуэлада бірқатар кен орындарында бұрғылау жұмыстарын жүргізеді және мемлекеттік мұнай компаниясы Petroleos de Venezuela-мен ынтымақтастық жасайды.
Осы жағдайлар АҚШ-Венесуэла қарым-қатынасындағы шиеленістің күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Жағдайдың қалай болатыны алдағы апталарда анық көрінуі мүмкін.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.