
Франция президенті Эммануэль Макронның ресми резиденциясы — Елисей сарайында күтпеген жанжал орын алды. Сарай қызметкерлерінің бірі қымбат күміс пен фарфор ыдыстарды жасырын түрде алып шығып, интернет арқылы сатқан деген күдікке ілінді. Ұрланған бұйымдардың құны шамамен 40 мың еуроға бағаланып отыр. Сонымен қатар оның екі сыбайласы да ұсталды. Бұл туралы Париж прокуратурасына сілтеме жасап, The Guardian басылымы хабарлады.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, коллекцияларды сақтауға жауапты қызметкер ұзақ уақыт бойы ұлттық мұра саналатын Севр мануфактурасына тиесілі сирек фарфор бұйымдарын жасырын алып шығып отырған. Кейін бұл заттар онлайн платформаларда сатылымға қойылған.
Оқиға Севр мануфактурасының мамандары тарапынан әшкереленген. Олар интернеттен сарайға тиесілі сирек бұйымдарды байқап қалған. Тінту барысында күдіктілерден шамамен 100 зат тәркіленіп, сарайға қайтарылды. Олардың қатарында Baccarat хрустальдары мен Lalique шеберханасының туындылары да бар.
Айыпталушыларды 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр. Сот отырысы 2026 жылғы 26 ақпанға белгіленген.
Айта кету керек, бұл Франция музейлеріндегі жалғыз ірі ұрлық емес. Жуырда Лувр музейінен Наполеон мен Жозефинаға тиесілі қымбат зергерлік бұйымдар ұрланып, келтірілген шығын 88 миллион еуроға бағаланған еді. Осы оқиғадан кейін күдіктілердің бір бөлігі әуежайда ұсталған.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.