Жалғыз адамдарға арналған "Өлдің бе?" қосымшасы тез танымал болды

Қытайда аты да, идеясы да назар аудартқан жаңа мобильді бағдарлама тез танымал болды. BBC-дің жазуынша, қытай тілінде 死了么 - "Si Le Me?," яғни "Өлдің бе?" деп аталатын қосымша негізінен жалғызбасты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Механизм қарапайым: пайдаланушы екі күнде бір рет жасыл түймені басып, тірі екенін растайды. Егер бұл әрекет белгіленген уақытта орындалмаса, бағдарлама шұғыл байланыс үшін көрсетілген адамға хабарлап, бірдеңе болуы мүмкін екенін ескертеді. Қосымша өткен жылдың май айында іске қосылса да, соңғы апталарда белсенді түрде жүктеле бастады және Silema ең көп жүктелетін ақылы бағдарламалардың біріне айналды.
Global Times деректері бойынша, 2030 жылға қарай Қытайда жалғызбастылар 200 миллионға жетуі мүмкін. Осы аудитория - отбасынан алыс кеңсе қызметкерлері, студенттер немесе саналы түрде жалғыз өмір сүруді таңдағандар - бағдарламаның негізгі пайдаланушылары болып табылады.
Дегенмен, атау сынға да ұшырауда: "Өлдің бе?" фразасы жағымсыз көңіл-күй тудыруы мүмкін екені айтылуда. Moonscape Technologies компаниясы осы пікірлерді ескере отырып, атауын өзгерту мәселесін қарастырып жатқанын айтты. Халықаралық нарықта қосымша Demumu атауымен шығарылды және кейбір елдерде ең танымал ақылы бағдарламалардың қатарына кірді. Қазір бағдарлама ақылы: ең арзан нұсқасы 8 юань (шамамен 1,15 доллар).
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!