800 миллион рубль тұратын үй: 9 жасар Абдуллаға тіркелген

Шешенстан басшысының отбасына тиесілі жылжымайтын мүліктер туралы жаңа мәліметтер қоғамда қызу талқылауға себеп болуда. Сыртқа тараған ресми тіркеу құжаттарына сүйенсек, Грозный қаласының орталығында орналасқан қымбат үйлер басшының кәмелетке толмаған ұлдарының атына рәсімделгені белгілі болды.
Мәліметтерге сәйкес, Шешенстан басшысының 9 жастағы ұлы Абдулланың атына жалпы аумағы 2 мың шаршы метрден асатын сәнді үй және 4 мың шаршы метр жер телімі тіркелген. Бұл жылжымайтын мүліктің құны шамамен 800 миллион рубльге, яғни 10 миллион доллардан астам сомаға бағалануда. Аталған нысан басшының резиденциясынан бар-жоғы 300 метр қашықтықта орналасқан.
Аталғандай, бастапқыда бұл жер телімі мен үйді басшының өзі жалға алған, кейіннен мүлік ұлының атына берілген. 2023 жылы, Абдулла 7 жаста болған кезде, бұл мүлік жекешелендірілген. Алайда сарапшылардың пікірінше, баланың мұндай деңгейдегі жылжымайтын мүлікті сатып алуға дербес қаржылық мүмкіндігі болмаған.

Тіркеу деректерінде сол аумақта басшының тағы бір ұлы — 19 жастағы Алиге тиесілі қымбат үй мен жер телімі де көрсетілген. Бұл мүліктің құны шамамен 500 миллион рубльге бағалануда. Алидің бұл үйді 2024 жылдың ақпан айында сатып алғаны хабарлануда.
Сондай-ақ басшының тағы бір ұлы — 18 жастағы Адамға да Грозный орталығында орналасқан, төрт қабатты және 2 мың шаршы метр аумағы бар сәнді үй тиесілі екені айтылуда. Бұл жылжымайтын мүліктің нарықтық құны шамамен 750 миллион рубльді құрайды.
Басылымдар бұл мәліметтер қоғамда басшы отбасының қаржылық мүмкіндіктері мен жылжымайтын мүлікке қатысты жаңа сұрақтарды көтеріп отырғанын атап өтуде.