Ким Чен Ын қызымен бірге қорғаныс зауытына барды

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын қызымен бірге елдегі әскери өнеркәсіп кәсіпорындарының біріне барды. Сапар барысында олар шағын қару-жарақ шығаруға мамандандырылған қорғаныс зауытының қызметімен жақынырақ танысты.
Сапар барысында Мемлекет басшысы зауытта шығарылып жатқан жаңа типтегі тапанша үлгілерін де көрді. Сондай-ақ, Ким Чен Ын мен оның қызы кәсіпорын мамандарының қатысуымен бұл қаруды сынақтан өткізді.
Солтүстік Корея басшысы кәсіпорындағы өндіріс үдерісі, қару-жарақтың техникалық мүмкіндіктері және олардың армия үшін маңызы туралы ақпарат алды. Айтуынша, зауытта заманалық технологияларды қолдана отырып, шағын атыс қаруларын шығару жолға қойылған.
Бақылаушылардың пікірінше, Ким Чен Ынның мұндай сапарлары елдің қорғаныс әлеуетін көрсетуге бағытталған. Соңғы уақытта Пхеньян басшылығы әскери өнеркәсіпті одан әрі дамытуға және қару-жарақ өндірісінің көлемін арттыруға ерекше назар аударып отырғаны айтылды.
