Жоғары лауазымды шенеунік өз-өзіне қол салды

13 март күні Бішкек қаласында Қырғызстан Бас прокуратурасы жанындағы сот орындаушылар қызметі басшысының орынбасары Кубанычбек Капалов өз-өзіне оқ атты. Бұл туралы 24.kg хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, милицияға Чон-Арик ауылындағы Кожомбердиев көшесінде көлік ішінде оқ атылған мәйіттің табылғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жетіп, GAC маркалы көлік салонында 1981 жылы туған ер адамның атыс қаруынан қаза тапқанын анықтады.
Кейінірек марқұмның жеке басы анықталып, оның Бас прокуратура жанындағы сот орындаушылар қызметі басшысының орынбасары Кубанычбек Капалов екені расталды.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері айғақ ретінде "Иж-18" маркалы 12 калибрлі мылтық, оқ-дәрілер, гильза, екі телефон және қоштасу хатын тәркілеген. Алдын ала сот-медициналық тексеру марқұмның кеуде тұсында оқ жарақаты бар екенін көрсетті.
Алдын ала мәлімет бойынша, шенеунік қарыз міндеттемелері себебінен өз-өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін. Оқиғаға байланысты Қырғызстан Қылмыстық кодексінің тиісті бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!