Иран порттарының блокадасынан кейін мұнай бағасы күрт өсті

13 сәуірде Дональд Трамп Иран порттарын блокадаға алу туралы бұйрық бергеннен кейін әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт өсті. Бұл туралы BBC хабарлады.
Деректерге сүйенсек, жаһандық эталондық Brent мұнайының бағасы 7 пайыздан астам өсіп, барреліне 100 доллардан асты. Кейбір сауда-саттықта баға 7,5 пайызға өсіп, 103 долларға жақындағаны байқалды.
АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы 12 сәуір күні кешке Иран порттарына әскери блокада енгізілетінін мәлімдеді. Бұл шектеулер Иран порттарына кіретін және шығатын барлық теңіз көліктеріне қатысты, сондай-ақ Парсы және Оман шығанағындағы қозғалысқа да әсер етеді.
Сонымен қатар, Трамп Truth Social желісіндегі мәлімдемесінде Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерге қатысты қатаң шаралар қабылданатынын атап өтті. Оның айтуынша, АҚШ Әскери-теңіз күштері аймақтағы бақылауды күшейтіп, кез келген қауіп-қатерге қатаң жауап береді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл шиеленіскен жағдай жаһандық энергетикалық нарықтағы тұрақсыздықты күшейтіп, бағаның тағы да өсуіне әкелуі мүмкін.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!