Нью-Йорктегі тарихи шіркеуде жойқын өрт шықты

Кеше, 23 сәуір күні кешке АҚШ-тың Нью-Йорк қаласы Астория (Куинс) ауданында орналасқан бос тұрған тарихи шіркеуде ірі өрт болды. Оқиға орнына 250-ден астам өрт сөндіруші мен жедел медициналық көмек қызметкерлері жұмылдырылып, 6 құтқарушы жарақат алды.
Мәліметтерге сәйкес, шіркеу 12-ші көше, Астория бульвары және 27-ші авеню аралығында орналасқан. Өрт кешкі сағат 18:45 шамасында шіркеу ауласындағы қосалқы ғимараттан басталып, қысқа уақыт ішінде негізгі құрылысқа жайылған. Кейіннен жалын күшейіп, бесінші деңгейге дейін жеткен.
Қою қара түтін бүкіл аумақты басып қалғандықтан, жергілікті тұрғындарға сақтық шарасы ретінде маска тағу ұсынылды. Лаулаған от шіркеу төбесінен көкке көтерілгені байқалды.
Өрт сөндіру қызметінің өкілі Кевин Вудстың мәлімдеуінше, құтқарушылар ғимарат ішіне кіріп, бірнеше су шлангілерінің көмегімен өртті сөндіруге тырысқан. Алайда ескі нысандарда өрт қабырғалар мен шатыр бөліктеріне тез жайылатындықтан, оны бақылауға алу қиынға соққан.
Оқиға кезінде шіркеу шатырының бір бөлігі құлап, құлаған кірпіштердің бірі өрт сөндірушіге тиген, ол ауруханаға жатқызылды. Сонымен қатар қауіпсіздік шарасы ретінде жақын маңдағы ғимараттардан адамдар эвакуацияланды.
Жергілікті тарихшы Доминик Перроның айтуынша, өртенген нысан XIX ғасырдың ортасында, шамамен 1850 жылдары салынған және «Dutch Reformed Church» ретінде жұмыс істеген. Соңғы бір жыл бойы ол пайдаланылмай бос тұрған.
Әзірге өрттің нақты себебі белгісіз, тиісті қызметтер тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.