АҚШ Германияда зымыран орналастыру жоспарын қайта қарастырып жатыр

АҚШ пен Германия арасындағы әскери ынтымақтастық аясындағы маңызды жоспарлар қайта бағалануда. Атап айтқанда, Вашингтон Германия аумағында алыс қашықтыққа соққы беретін қару-жарақтарды орналастыру мәселесін тағы бір мәрте қарастырып жатқаны белгілі болды.
Бұл туралы Financial Times басылымы дереккөздерге сілтеме жасай отырып хабарлады.
Басылымның мәліметінше, АҚШ Германияда Tomahawk зымырандарымен жабдықталған алыс қашықтықтағы батальонды орналастыру туралы шешімді қайта талдап жатыр. Бұл өзгерістер АҚШ-тың Еуропадағы әскери контингентін қысқарту жоспарларымен тығыз байланысты екені айтылуда.
Дереккөздердің хабарлауынша, Германиядағы америкалық әскерилер санының азаюы жоспарланып отырған зымыран жүйелерін орналастыру процесіне елеулі әсер етуі мүмкін. Өйткені дәл осы жүйелер НАТО-ның Ресейге қатысты тежеу стратегиясын күшейту үшін маңызды құрал ретінде қарастырылған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, АҚШ 2024 жылғы шілдеде 2026 жылға қарай Германия аумағында SM-6 және Tomahawk зымырандарын «уақытша» орналастыру жоспарын жариялаған еді. Сонымен қатар, сол кезде әлі әзірлеу сатысында болған гипердыбыстық қаруларды да Еуропаға әкелу жоспарланғаны айтылған болатын.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!