Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Эболаның қауіпті штамына байланысты төтенше жағдай жариялады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Африкадағы Эбола вирусының таралуына байланысты төтенше жағдай жариялады. Бұл халық денсаулығына төнетін қауіп деңгейі бойынша екінші ең жоғары саты болып табылады.
DW басылымының хабарлауынша, жағдай әзірге пандемия деңгейіне жеткен жоқ. Алайда ұйым вирустың таралуы елеулі қауіп төндіріп отырғанын баса айтты.
Эболаның Бундибугио штамы Конго Демократиялық Республикасы мен Угандада тарады. Осы уақытқа дейін вирус салдарынан 88 адам қайтыс болып, 330-дан астам жұқтыру жағдайы тіркелді.
ДДСҰ нақты науқастар саны ресми деректерден көп болуы мүмкін екенін ескертеді. Әсіресе, әскери қақтығыстар орын алатын Итури провинциясында жағдайдың күрделі екені айтылуда.
КДР денсаулық сақтау министрі Сэмюэль Роджер Камбаның айтуынша, бұл штамға қарсы вакцина немесе арнайы емдеу әдісі әзірге жоқ. Оның сөзінше, аурудан өлім деңгейі 50 пайызға жетуі мүмкін.
Бұл Конгодағы Эбола эпидемиясының 17-ші толқыны ретінде тіркелуде. Алдыңғы өршу 2025 жылдың тамызында байқалып, онда 34 адам қайтыс болған еді.




















Пікірлер 0
…