500 жылға дейін өмір сүретін сирек акула Ирландия жағалауынан табылды

Ирландия жағалауында серуендеп жүрген азаматтарды таңғалдырған сирек олжа тіркелді. Ел жағалауынан әлемдегі ең ұзақ өмір сүретін жануарлардың бірі саналатын көне Гренландия акуласыныңөлексесі табылды. Мамандарбұл ірі теңіз жыртқышының 500 жылға дейін өмір сүре алатынын және бұл түрдің Ирландия жағалауына шығып қалуы ел тарихында алғаш рет байқалғанын айтты.
Хаммад Чаудри мен Джеймс Уинтерс О'Доннелл Финнисклин (Слайго графтығы) жағалауында серуендеп жүргенде, қорқынышты көрінетін алып теңіз жануарының өлексесіне тап болған. Jam Press мәліметінше, олар бастапқыда мұны кәдімгі алып акула деп ойлаған. Кейін олжа туралы Irish Whale & Dolphin Group ұйымына хабарланған.
Мамандардың зерттеуінен кейін өлексенің шынымен Гренландия акуласынатиесілі екені расталды. Олар бұл жағдайды «өте сирек әрі ғылыми тұрғыдан аса қызықты жағалауға шығып қалу оқиғасы» деп бағалады. Кейін үлгі тереңірек талдау жүргізу үшін Табиғи тарих мұражайына жеткізілді.

Ғалымдардың пікірінше, бұл акула шамамен 150 жаста болған Мамандар оның жақсы дамыған жыныстық белгілеріне қарап, жануар жағалауға шығып қалмай тұрып толықтай дерлік жетілген болуы мүмкін деп болжайды. Алайда бұл жас аталған түр үшін салыстырмалы түрде «жас» саналады. Себебі Гренландия акулалары бірнеше ғасыр бойы өмір сүре алады.
Irish Whale & Dolphin Group өкілі былай деді:
«Гренландия акуласы — әлемдегі ең ұзақ өмір сүретін омыртқалы жануар. Оның өмір сүру ұзақтығы бірнеше ғасырға жетеді. Ғылыми тұрғыда тіркелген ең кәрі үлгі жарты мың жылдан астам өмір сүрген».
Гренландия акуласы әлемдегі ең ірі акулалардың бірі саналады. Оның ұзындығы 20 футтан (6 метрден) аса алады. Бұл шамамен ірі жүк көлігінің ұзындығына тең.
Мамандар бұл жағдай өкінішті болғанымен, жағалауға шығып қалған үлгі ғалымдарға осы жұмбақ теңіз тіршілігі туралы көбірек ақпарат жинауға мүмкіндік беретінін айтты. Өйткені Гренландия акулалары әдетте Арктика мен Солтүстік Атлант мұхитының мұздай суларында, 7000 фут (шамамен 2100 метр) тереңдікте өмір сүреді. Сондықтан оларды табиғи ортасында бақылау өте қиын.

Бұл түрі ауыр әрі мығым дене бітімі, қысқа әрі дөңгелек басы және кішкентай көздерімен ерекшеленеді. Florida Museum мәліметінше, Гренландия акуласы голецтер, қасқырбалықтар және ұсақ акулалар сияқты әртүрлі балықтарды, кейде итбалықтар мен теңіз шошқаларын аулайды.
Соған қарамастан, мамандар бұл акуланың адамдарға қауіп төндірмейтінін атап өтті. Оның басты себебі — тіршілік ету ортасы адамдар жүзе алмайтындай суық суларда орналасқан.
Сондай-ақ мамандар Гренландия акуласының еті жаңа күйінде улы болатынын, алайда арнайы әдіспен жер астында ашытылып, кейін кептірілген соң жеуге болатынын айтты.
Бұл сирек олжа ғалымдар үшін тағы бір маңызды ғылыми дереккөзге айналады деп күтілуде. Бұл жағдай әлемдегі ең ұзақ өмір сүретін омыртқалы жануарлардың бірі саналатын Гренландия акуласының тіршілік салты мен биологиясын тереңірек зерттеуге көмектесуі мүмкін.



















Пікірлер 0
…