Дрон киттің туу үдерісін алғаш рет толық түсіріп алды

Австралия жағалауында болған сирек оқиға теңіз биологтары мен табиғат әуесқойларын таңғалдырды. Дронның көмегімен мұхитта киттің туу үдерісі алғаш рет әуеден толық түсірілді. Мамандар бұл кадрларды теңіз сүтқоректілерін зерттеудегі маңызды жетістік деп бағалап отыр.
Хабарланғандай, Австралиядағы Киттерді құтқару және зерттеу ұйымымен (ORRCA) бірлесіп жұмыс істейтін дрон операторы Александр Форрест кезекті бақылау ұшуы кезінде көшіп бара жатқан ұрғашы киттің өзгелерге қарағанда баяу қозғалып келе жатқанын байқаған.
Алғашында ол жануар жай ғана демалып жатыр деп ойлаған. Алайда көп ұзамай ұрғашы кит су бетіне көтеріліп, сол сәтте туу үдерісі басталған. Бірнеше сәттен кейін жаңа туған кит төлі алғаш рет тыныс алу үшін су бетіне шыққан.
«Мен аса сирек кездесетін оқиғаның куәгері болып тұрғанымды бірден түсіндім. Сол сәттен бастап мен түсіруші емес, табиғат ғажайыбын тамашалап тұрған көрерменге айналдым», — деді Александр Форрест.

Туғаннан кейін ана кит бірнеше секунд қимылсыз тұрған, содан соң инстинктивті түрде төліне қарай бұрылып, оны қорғап, күте бастаған. Мамандар анасы мен төлі арасындағы алғашқы кездесуді өте әсерлі көрініс деп бағалап отыр.
ORRCA зерттеу жетекшісі Энни Посттың айтуынша, осы уақытқа дейін әлемде киттердің тууына қатысты небәрі үш жағдай ресми түрде құжатталған. Алайда бұл оқиғаның маңызы — оның алғаш рет дрон арқылы әуеден толық тіркелуінде.
Зерттеушілер туғаннан кейін де бірнеше сағат бойы ана кит пен оның төліне бақылау жүргізіп, олардың қозғалысын, күтім жасау үдерісін және басқа киттермен қарым-қатынасын жазып отырған.

Бұл бірегей кадрлар Австралияның шығыс жағалауы бойында жыл сайын өтетін киттердің көші-қоны кезінде түсірілген. Бұл кезеңде шамамен 50 мың кит Антарктидадан солтүстікке қарай жүзіп, жұптасу және төлдеу үшін жылы субтропиктік суларға бет алады.
Ғалымдардың пікірінше, бұл бейнежазба киттердің көбеюін, ана мен төл арасындағы байланысты және мінез-құлқын тереңірек зерттеуге арналған құнды ғылыми дереккөзге айналуы мүмкін.



















Пікірлер 0
…