Қызын арбамен итеріп, әлем рекордын жаңартуды көздеген әке

АҚШ-тың бұрынғы жеңіл атлеті қызын арбамен итеріп, бір миль қашықтықты 4 минут 17 секундта жүгіріп өтіп, әлем рекордын жаңартуға үміткер болды.
Майами университетінің бұрынғы жүгірушісі Стивен Бибелхаузен Огайо штатының Кливленд қаласында өткен Guardian Mile жарысына қатысты. Ол жарыста қызы Блейкті арнайы арбаға отырғызып, Hope Memorial көпірі арқылы бір миль қашықтықты 4:17 нәтижесімен бағындырды.
Егер Гиннес рекордтар кітабы бұл нәтижені ресми түрде растаса, Бибелхаузен арба итеріп, бір мильді ең жылдам жүгіріп өткен адам ретінде әлем рекордын иеленуі мүмкін.
Қазіргі рекорд Сайлас Францқа тиесілі. Ол 2025 жылдың маусымында бір миль қашықтықты арба итере отырып, 4 минут 26,29 секундта жүгіріп өткен. Бибелхаузеннің 4:17 нәтижесі қолданыстағы рекордтан шамамен 9 секундқа жылдам.
Бір қызығы, спортшы бастапқыда әлем рекордын орнатуды мақсат етпеген. Оның басты ниеті жарыстың 4:44-тік рекордын жаңартып, қашықтықты 4 минут 30 секундтан аз уақытта жүгіріп өту болған.
Алайда жарыстағы нәтижесі күткеннен де жоғары шықты. Бибелхаузен қосымша жаттығулар арқылы болашақта уақытын одан әрі жақсарта алатынына сенім білдірді.
Енді оның 4 минут 17 секундтық нәтижесі ресми тексеруден өтуі керек. Содан кейін ғана спортшы арба итеріп, бір миль қашықтықты ең жылдам жүгіріп өткен әлем рекордшысы ретінде танылуы мүмкін.



















Пікірлер 0
…