Қытайда робот қайыр сұрады: оның өтініші таңғалдырды

Қытайда көшеде тізерлеп отырып, өтіп бара жатқандардан ақша сұраған гуманоид робот бейнеленген видео әлеуметтік желілерде үлкен дүрбелең туғызды. Роботтың әдеттегідей жүруі немесе күрделі қимылдар жасауы емес, адамдардан не сұрағаны интернет қолданушыларын таңғалдырды.
Мәліметтерге қарағанда, оқиға Қытайдың Сычуань провинциясында болған. Кадрларда гуманоид робот бір тізерлеп отырып, қолдарын біріктіріп, көшеден өтіп бара жатқан адамдарға тағзым етіп тұрғаны көрінеді.
Роботтың жанына ақша жинауға арналған шағын ыдыс пен цифрлық төлем жасауға мүмкіндік беретін QR-код қойылған. Оның LED жазуы мен дыбыс күшейткіші арқылы «Қайта зарядтауға ақшам жоқ» және «Электр энергиясының ақысын төлеуге көмектесіңізші» деген мазмұндағы хабарламалар қайталанған.
Хабарларға қарағанда, бұл роботты Қытайдың Unitree робототехника компаниясы шығарған Unitree G1 гуманоид роботы болуы мүмкін. Компанияның бұл моделі бұған дейін де ерекше қимылдары және түрлі тәжірибелерде қолданылуымен назар аударған.
Видео тарағаннан кейін интернет қолданушылары арасында түрлі пікір пайда болды. Кейбірі әзілдеп, «Енді қайыршыларды да роботтар алмастырып жатыр», деп пікір білдірсе, басқалары бұл жағдайды жасанды интеллектінің адам өміріне барған сайын еніп келе жатқанының белгісі деп бағалады.
Сонымен қатар, видеоны түсірудегі шынайы мақсат та талқылауға себеп болды. Біреулер мұны компанияның маркетингтік шарасы деп санаса, тағы бір топ бұл көше өнері немесе адамдардың қызығушылығын ояту арқылы ақша жинаудың ерекше тәсілі болуы мүмкін екенін айтты.



















Пікірлер 0
…