date

Күміс бағасы рекордтық деңгейде қымбаттады

Күміс бағасы рекордтық деңгейде қымбаттады

Әлемдік қаржы нарықтарында бағалы металдар апталап тұрақты өсім көрсетіп келеді. Әсіресе, күміс бағасының күрт өсуі инвесторлардың назарын тағы да осы металға аударды. "Market Screener" хабарлауынша, күміс соңғы күндері рекордтық нәтижелерді тіркеп жатыр.

Апта соңына қарай күмістің бір унциясы 67,45 долларға жетіп, тарихи ең жоғары көрсеткішті жаңартқаны хабарланды. Spot базарында күміс 2,6%-ға қымбаттап, 67,14 доллар деңгейінде бағаланды. Осылайша апталық өсім 8,4%-ға жетті. Сарапшылар мұндай қарқынды өсуді инвестициялық сұраныстың күшеюімен және нарықтағы ұсыныстың шектеулі болуымен байланыстырады.

Сонымен қатар, алтын да өз позициясын берік сақтап қалды. Спот алтын бағасы 0,4%-ға өсіп, унциясы үшін 4 347,07 долларды құрады. Апталық есепте алтын 1,1 пайыз кіріс көрсетті. АҚШ алтын фьючерстері де 0,5 пайызға өсіп, 4 387,3 доллар шамасында сатылды.

"US Global Investors" компаниясының бас трейдері Майкл Матоусектің айтуынша, әдетте алтын мен күміс бір-біріне тәуелді қозғалады. Алайда соңғы екі айда нарықта негізгі көшбасшылықты күміс алды. Сондықтан, қысқа мерзімді перспективада инвесторлар алтынға да қызығушылықты арттыруы мүмкін.

Жыл басынан бері күміс бағасы 132 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш алтынның 65 пайыздық өсімінен екі есеге жуық жоғары. "Blue Line Futures" компаниясының бас нарық стратегі Филипп Стрейбл бұл жағдайды ETF ағындарының жандануы және бөлшек инвесторлар тарапынан жүзеге асырылған алыпсатарлық әрекеттермен түсіндіреді.

Макроэкономикалық факторлар да бағалы металдарға қолайлы жағдай туғызуда. АҚШ-та қараша айында тұтыну бағалары индексі жылдық есеппен 2,7 пайызға өсті, бұл күтілген 3,1 пайыздық болжамнан төмен болды. Сонымен қатар, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға көтеріліп, 2021 жылдың қыркүйегінен бергі ең жоғары көрсеткішке жетті.

Сарапшылардың пікірінше, инфляциялық қысымның төмендеуі мен еңбек нарығындағы әлсіреу Федералды резерв жүйесін ақша-несие саясатын жұмсартуға итермелеуі мүмкін. LSEG мәліметінше, трейдерлер келесі жылы кем дегенде екі рет 25 базалық тармақ мөлшерінде пайыздық мөлшерлемені төмендетуді күтуде.

Басқа бағалы металдар да оң динамиканы сақтап қалды. Платина 18 желтоқсанда 17 жылдық ең жоғары деңгейге жақындап, 19 желтоқсанда 3,1%-ға өсіп, 1 975,51 долларға жетті. Палладий шамамен үш жылдық ең жоғары көрсеткішке жақындап, 0,8%-ға қымбаттап, 1 709,75 доллар деңгейінде сатылды.

Жалпы алғанда, жаһандық экономикалық белгісіздік, Орталық банктердің саясаты бойынша күтілетін шешімдер және жоғары инвестициялық сұраныс бағалы металдарды 2025 жылдың соңына дейін қаржы нарықтарындағы ең тартымды активтердің біріне айналдырады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Экономика » Күміс бағасы рекордтық деңгейде қымбаттады