58 жастағы инженер лотереяда Пикассоның туындысын ұтып алды

Францияда күтпеген әрі таңғаларлық оқиға орын алды. Парижде тұратын ер адам қайырымдылық лотереясы арқылы атақты суретші Пабло Пикассоның құны 1 миллион еуродан асатын туындысын ұтып алды. Бұл туралы «Euronews» хабарлады.
Мәліметке сәйкес, инженер және өнер жанкүйері Ари Ходара өз жеңісі туралы Christie’s аукцион үйінен келген бейнеқоңырау кезінде білген. Оған 1941 жылы салынған сирек туындының жаңа иесі болғаны айтылғанда, ол алғашында сенбей: «Бұл әзіл емес екеніне қалай көз жеткіземін?» деп сұраған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әрқайсысы 100 еуродан 120 мыңнан астам билет сатылған. Нәтижесінде Альцгеймер ауруын зерттеуге шамамен 11 миллион еуро жиналды.
Бұл ойын 2013 жылы басталған «100 еуроға бір Пикассо» атты қайырымдылық жобасының үшінші рет өткізілуі болды. Биылғы жеңімпазға Пикассоның өзіндік стилінде қағазға гуашь техникасымен салынған «Әйел басы» (Tête de femme) туындысы бұйырды.
Портретте суретшінің музасы әрі жақын серігі, француз сюрреалист суретшісі Дора Маар бейнеленген. Бұл оқиға өнер сүйер қауым ғана емес, жалпы жұртшылық арасында да үлкен қызығушылық тудырды.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!