Танымал әнші Дуа Липа суретін рұқсатсыз пайдаланғаны үшін Samsung компаниясын сотқа берді

Танымал әнші Дуа Липа Samsung компаниясын сотқа берді. The Guardian басылымының хабарлауынша, әртіс компаниядан кемінде 15 миллион доллар өтемақы талап етуде.
Әншінің айтуынша, Samsung оның суретін рұқсатсыз теледидар жарнамасында пайдаланған. 2025 жылы АҚШ-та сатылған кейбір теледидар қораптарында Дуа Липаның бейнесі болғаны анықталды.
Талап арызда бұл суреттің 2024 жылы Austin City Limits фестивалінің сахна артында түсірілгені және оған құқық әншінің өзіне тиесілі екені жазылған. Дуа Липа Samsung жарнамасына түсуге ешқашан келісім бермегенін мәлімдеді.
Әнші компанияны авторлық құқықты бұзды, оның бейнесін заңсыз пайдаланды және брендпен ынтымақтастықта деген жалған түсінік қалыптастырды деп айыптауда. Сондай-ақ, Samsung танымал әртістің атағы арқылы коммерциялық пайда табуға тырысқаны айтылған.
Дуа Липаның адвокаттары әншінің жарнамалық келісімшарттарға өте мұқият қарайтынын атап өтті. Оның тек Apple, Porsche, Versace, Bvlgari және Nespresso сияқты ірі брендтермен ғана жұмыс істейтіні белгілі.




















Пікірлер 0
…