Ұлыбританияда көліктер қартайып барады, бірақ сатып алушылар әлі де үлкен жүрістен қорқады

Жаңа деректерге сәйкес, Ұлыбритания жолдарындағы көліктердің орташа жасы рекордтық деңгейге жеткенімен, қолданылған көлік сатып алушылары әлі де 100 000 мильден (шамамен 160 000 км) астам жүрісі бар көліктерді сатып алуға іркіліс танытуда. eBay жүргізген сауалнама бойынша, жүргізушілердің 72%-ы одометрдегі алты таңбалы көрсеткіштен қорқатынын, ал 52%-ы 50 000 мильден асқан көліктерден аулақ болатынын мәлімдеген. Бұл туралы Autocar.co.uk хабарлайды .
Алайда DVLA деректері Ұлыбритания жолдарындағы көліктердің орташа жасы қазір 10 жасты құрайтынын көрсетеді. Бұл көрсеткіш 2020 жылы тоғыз жас, ал 2018 жылы сегіз жас болған. Car.co.uk зерттеуіне сәйкес, көліктердің утилизацияға (металл сынығына тапсыру) жасы да 2021 жылғы 15 жастан шамамен 17 жасқа дейін өскен. Сарапшылардың пікірінше, бұрынғы "үлкен жүріс – жарамсыз көлік" тұжырымдамасы бүгінде өз өзектілігін жоғалтты.
CarPod дилерлік орталығының негізін қалаушы Пол Тумердің айтуынша, заманауи көліктер бұрынғыларына қарағанда әлдеқайда сенімді және ұзағырақ қызмет етеді. Бағалардың өсуі аясында сатып алушылардың үлкен жүрісі бар көліктерге көзқарасы өзгере бастады. Мысалы, 2021 жылы шығарылған, жүрісі 125 000 миль болатын Audi Q3 1.5 TFSI S Line моделі шамамен 14 000 фунт стерлингке бағаланса, дәл осы модельдің 50 000 миль жүрісі бар нұсқасы 20 000 фунт стерлинг тұрады.
Қызығы, электрлендірілген көліктер де үлкен қашықтықты еш қиындықсыз жүріп өтуде. Деректерге сәйкес, 93 000-нан астам гибридті көлік 100 000 мильден астам жол жүрген, оның 32 000-і 200 000 мильден асқан. Тіпті Tesla Model S электромобильдері арасында 150 000 мильден астам қашықтықты жүріп өткен ондаған дана бар, бұл технологиялардың төзімділігін дәлелдейді.



















Пікірлер 0
…