date

Инфантино әлем чемпионаты билеттерінің бағасы туралы әзілдеді

ФИФА президенті Джанни Инфантино 2026 жылғы әлем чемпионаты билеттерінің бағасына қатысты сынға өзіндік әзілмен жауап берді. Соңғы күндері турнир ойындарына арналған жаңа VIP санаттағы билеттердің құны 2300 долларға жетуі мүмкін деген хабарлар жанкүйерлер арасында қызу талқыға түскен еді.

Джанни Инфантино Беверли-Хиллзде өткен конференцияда бұл тақырыпқа тоқталып, әзілмен былай деді:

— Егер біреу финалға екі миллион долларлық билет сатып алса, мен оған жеке өзім хот-дог пен кола әкеліп беремін. Тек ол ойыннан жақсы ләззат алсын, — деді ФИФА басшысы.

Ол ұйым нарық ережелерін ескеруге мәжбүр екенін атап өтті.

— Біз әлемдегі ең дамыған ойын-сауық нарықтарының бірі бар елде жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан нарықтық бағалармен санасуымыз керек. АҚШ-та билеттерді қайта сатуға ресми түрде рұқсат етілген. Егер біз бағаны тым төмен қойсақ, олар екінші нарықта одан да қымбат бағаға сатылады, — деді Инфантино.

ФИФА президентінің айтуынша, кейбір жанкүйерлердің бағаға наразылығына қарамастан, қайта сату платформаларында билеттер құны екі есеге дейін өсуі мүмкін.

Сонымен қатар, ол барлық билеттердің тым қымбат емес екенін де баса айтты. Топтық кезеңге арналған билеттердің шамамен 25 пайызы 300 доллардан төмен бағамен сатылымға шығарылатыны хабарланды.

ФИФА деректері бойынша, қазірдің өзінде 2026 жылғы әлем чемпионатының билеттеріне 500 миллионнан астам өтінім түскен. Бұл алдыңғы екі мундиальмен салыстырғанда өте үлкен көрсеткіш. Өйткені бұрынғы әлем чемпионаттарында өтінімдер саны шамамен 50 миллион шамасында болған еді.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Бұл тарихтағы ең ірі мундиальдардың бірі болады деп күтілуде.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Спорт » Инфантино әлем чемпионаты билеттерінің бағасы туралы әзілдеді