Real киім ауыстыру бөлмесіндегі ахуал Арбелоаны қиын жағдайға қалдыруда

Real Madrid клубындағы ішкі ахуалға қатысты мәселелердің ушығып бара жатқаны туралы хабарлар таралуда. Испанияның танымал Marca басылымының мәліметінше, команданың бас бапкері Альваро Арбелоа мен кейбір футболшылар арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай суыған.
Дереккөз қазіргі таңда кем дегенде алты футболшының маманмен мүлдем сөйлеспейтінін алға тартады. Бұл жағдай клуб ішіндегі атмосфераға кері әсерін тигізіп жатқаны айтылуда.
Сонымен қатар, мәселе тек бапкер мен ойыншылар арасында емес. Басылымның хабарлауынша, команда мүшелерінің өз арасында да келіспеушіліктер пайда болған. Кейбір футболшылардың бір-бірімен сөйлеспейтіні және қарым-қатынастың шиеленісе түскені атап өтілді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдай Real секілді алып клуб үшін өте қауіпті. Себебі командадағы бірлік пен ішкі ахуал кез келген үлкен жүлде үшін күресте шешуші факторлардың бірі саналады.
Естеріңізге сала кетейік, Альваро Арбелоа осы жылдың қаңтарында Хаби Алонсо клубтан кеткеннен кейін «қаймақтардың» бас бапкері болған еді.
Жас маманның қол астында мадридтіктер осы уақытқа дейін 24 кездесу өткізді. Олардың 15-інде жеңіске жетсе, 7 ойын жеңіліспен аяқталған.
Статистика жаман көрінбегенімен, команда ішіндегі ахуал мен кейбір футболшылармен қарым-қатынас Арбелоа үшін үлкен мәселеге айналуы мүмкін екені айтылуда.
Испан баспасөзі әзірге қай футболшылардың бапкермен тіл табыса алмай жатқанын ашып айтқан жоқ. Алайда клуб төңірегіндегі талқылаулар күн санап күшейіп келеді.
Жанкүйерлер болса бір сұраққа бас қатыруда: Арбелоа командадағы жағдайды бақылауына қайтара ала ма, әлде Real-ды тағы да жаңа өзгерістер күтіп тұр ма?
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!