date

«Милан» соңғы турда сүрінді, «Рома» мен «Комо» Чемпиондар лигасына шықты

Италия А Сериясының соңғы туры үлкен драмалармен, күтпеген нәтижелермен және еурокубоктар үшін тартысты күреспен аяқталды. Әсіресе, Чемпиондар лигасына жолдама алу жолындағы тартыс соңғы минуттарға дейін интриганы сақтап тұрды.

38-тур алдында 3-орында келе жатқан «Милан» өз тағдырын өзі шешу мүмкіндігіне ие еді. Алайда «россонерилер» өз алаңында «Кальяриден» 1:2 есебімен жеңіліп, маусымдағы ең ауыр нәтижелердің бірін тіркеді. Бұл жеңіліс команданы бірден 6-орынға түсіріп жіберді.

«Милан» ойынды өте жақсы бастаған еді. 2-минутта Салемакерс есепті ашып, алаң иелеріне басымдық сыйлады. Алайда «Кальяри» тез арада ойынға қайта оралды. 20-минутта Борелли есепті теңестірсе, 57-минутта Родригес қонақтарға жеңіс әкелген голды соқты. Осылайша, Аллегри шәкірттері Чемпиондар лигасы емес, Еуропа лигасымен шектелетін болды.

«Миланның» сүрінуі қарсыластар үшін үлкен мүмкіндік ашты. «Рома» мен «Комо» бұл жағдайды барынша тиімді пайдаланды. Римдіктер сырт алаңда «Веронаны» 2:0 есебімен жеңіп, 73 ұпаймен 3-орынға жайғасты. Кездесуде Мален мен Эль-Шаарави гол соқты. Қызығы, Мален пенальтиді мүлт жіберсе де, кейін өз атын таблоға жаздырып үлгерді.

«Комо» болса «Кремонезе» алаңында 4:1 есебімен ірі жеңіске жетіп, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Родригес, Дувикас және Да Куньяның нәтижелі әрекеттері командаға қажетті жеңісті алып келді. Да Кунья екінші таймда екі рет қарсылас қақпасын дәл көздеп, кездесудің басты кейіпкерлерінің бірі атанды. Осылайша, «Комо» 71 ұпаймен 4-орынға ие болып, Чемпиондар лигасының жолдамасын қанжығалады.

Бұған дейін чемпион «Интер» мен вице-чемпион «Наполи» Чемпиондар лигасына жолдаманы нақтылап қойған еді. Енді олардың қатарына «Рома» мен «Комо» қосылды. Бұл нәтиже, әсіресе «Комо» үшін нағыз тарихи оқиға ретінде бағаланады.

«Ювентус» та 71 ұпай жинауы мүмкін болса да, өзара ойындарда «Комоға» жол бергені себепті Чемпиондар лигасына шыға алмайды. Туриндіктер келесі маусымда Еуропа лигасында өнер көрсетеді.

Төменгі жақта да маусым драмалық аяқталды. «Кремонезе» өз алаңында «Комодан» 1:4 есебімен жеңіліп, В Сериясына түсіп кетті. Осылайша, «Пиза» мен «Веронадан» кейін элитадан кеткен үшінші команданың аты белгілі болды. «Лечче» болса «Дженоаны» 1:0 есебімен жеңіп, маусымды жеңіспен аяқтады.

А Сериясы. 38-тур. 24 мамыр

  • «Милан» — «Кальяри» 1:2
    Голдар
    : Салемакерс 2 — Борелли 20, Родригес 57.

  • «Верона» — «Рома» 0:2
    Голдар
    : Мален 56, Эль-Шаарави 90+3.
    Мүлт кеткен пенальти: Мален 56.
    Алаңнан қуылды: Валентини 50.

  • «Кремонезе» — «Комо» 1:4
    Голдар
    : Бонаццоли 55 (пен) — Родригес 36, Дувикас 51, Да Кунья 74 (пен), 81.
    Алаңнан қуылды: Грасси 71.

  • «Лечче» — «Дженоа» 1:0
    Гол
    : Банда 6.

Қысқасы, А Сериясының соңғы туры нағыз футбол драмасына айналды. «Милан» өз алаңында жеңіліп, Чемпиондар лигасынан қағылды. «Рома» мен «Комо» болса мүмкіндікті мықтап ұстап, Еуропа элитасына жол тартты. Италияда маусым аяқталды, бірақ бұл турдың шуы әлі талай талқыланады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Спорт » «Милан» соңғы турда сүрінді, «Рома» мен «Комо» Чемпиондар лигасына шықты