Қытайда сот тарихта сирек кездесетін қатаң шешім шығарды. Мьянмадағы қылмыстық желілерді бақылап келген, Мин деген фамилиямен танылған белгілі мафия әулетінің 11 мүшесі өлім жазасына кесілді. Бұл туралы BBC хабарлады.
Мәліметтерге қарағанда, Мин әулеті ұзақ жылдар бойы Мьянманың Лауккай қаласындағы казино, есірткі және алаяқтық орталықтарын басқарған. Олардың бақылауындағы желі арқылы миллиардтаған доллар айналып, бүкіл өңірде қауіпті күшке айналған.
Алайда екі жыл бұрын көтерілісші топтар қаланы басып алғаннан кейін, әулет басшысы өз-өзіне қол жұмсаған. Сол оқиғадан соң мафия мүшелерінің көбі Мьянма үкіметі тарапынан Қытайға экстрадицияланған.
29 қыркүйек күні Вэньчжоу қаласында өткен сот процесінде барлық айыпталушыларға үкім оқылды. Барлығы 39 адам әртүрлі жаза алды: 11 адам өлім жазасы, 5 адам кейінге қалдырылған өлім жазасы, 11 адам өмір бойына бас бостандығынан айыру, қалғандары 5 жылдан 24 жылға дейінгі мерзімге сотталды.
Сот құжаттарында Мин әулеті 2015 жылдан бері түрлі қылмыстармен айналысып келгені көрсетілген. Олардың казино мен алаяқтық орталықтарында жұмысшыларға қатыгездік жасалып, тіпті кейбірі азаптап өлтірілген.
Сарапшылар атап өтеді: мұндай желілерді халықаралық ұйымдар, әсіресе БҰҰ «алаяқтық индустриясы» деп атайды. Онда көптеген адамдар алдау арқылы тұзаққа түсіріліп, заңсыз әрекеттерге мәжбүрленеді.
Осылайша, Қытай соты шығарған үкім қылмыскерлерге қарсы қатаң шара ғана емес, сонымен қатар халықаралық қауымдастыққа да белгі ретінде қабылдануда — ірі қылмыстар жазасыз қалмауы керек.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!