date

OpenAI құны 500 миллиард долларға жетіп, SpaceX-ті басып озды

OpenAI құны 500 миллиард долларға жетіп, SpaceX-ті басып озды

Жасанды интеллект саласында жетекші ретінде танылған OpenAI тарихи межеге жетті. ChatGPT платформасы арқылы танымал болған компания 500 миллиард доллар болып бағаланып, әлемдегі ең қымбат жекеменшік компания мәртебесін алды. Бұл туралы Bloomberg және Reuters агенттіктері хабарлады.

Мәліметтерге қарағанда, компанияның бұрынғы және қазіргі қызметкерлері инвесторларға шамамен 6,6 миллиард долларлық акция сатқан. Алғашында олар шамамен 10,3 миллиард долларлық акция сатуға келіскен, бірақ OpenAI бизнесінің болашағына сенгендіктен көпшілігі бұл қадамнан бас тартқан.

Бұған дейін компанияның жалпы құны шамамен 300 миллиард доллар деп бағаланған. Жаңа бағалау нәтижесінде OpenAI құны Илон Масктің SpaceX компаниясынан да асып түсті. Қазір SpaceX шамамен 400 миллиард доллар құнына ие болып, әлемдегі жекеменшік компаниялар арасында екінші орында тұр. Үшінші орында TikTok иесі болып табылатын Қытай компаниясы ByteDance орналасқан.

OpenAI-дің өсуі оған деген зор қызығушылықпен түсіндірілуде. 2025 жылдың шілде айындағы жағдай бойынша, ChatGPT аптасына шамамен 700 миллион белсенді пайдаланушыға ие. Платформада бір апта ішінде 18 миллиард хабар алмасылғаны тіркелген.

Қызығы сол, компанияның негізін қалаушылардың бірі саналатын Илон Маск 2018 жылы директорлар кеңесінен шыққанына қарамастан, 2025 жылдың басында OpenAI-ді 97,4 миллиард долларға сатып алуды ұсынған. Мультимиллиардер 2024 жылы компанияға қарсы сот ісін де қозғаған. Оның пікірінше, OpenAI-дің Microsoft-пен серіктесуі және коммерциялық бағытқа өтуі бастапқы мақсаттарға қайшы болған.

Алайда желтоқсан айында OpenAI жариялаған құжаттарда Масктің өзі уақыт өте келе компанияны коммерциялық ұйымға айналдыру идеясын қолдағаны көрсетілді. Бірақ ол компанияны толық бақылауға ала алмағандықтан, бұл ойдан бас тартқаны айтылды.

Bloomberg талдауына сәйкес, OpenAI құнының өсуі жасанды интеллект саласындағы қатаң бәсекелестікті және инвесторлар қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Мысалы, қыркүйек айының соңында чип өндіруші Nvidia OpenAI-ге шамамен 100 миллиард доллар көлемінде инвестиция салуды және компанияға деректер орталықтары үшін чиптер жеткізуді жоспарлағанын хабарлаған.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » OpenAI құны 500 миллиард долларға жетіп, SpaceX-ті басып озды