date

Барселонадан Стамбулға дейін — Палестинаға қолдау толқыны артып келеді

Барселонадан Стамбулға дейін — Палестинаға қолдау толқыны артып келеді

Дүниенің әртүрлі бұрыштарында Палестинаны қорғау мақсатында кең көлемді митингілер күшейді. Газа соғысына және Израильдің әскери әрекеттеріне қарсы наразылықтар Еуропадан Азияға, Америкадан Африкаға дейін өтуде.

Испанияның Барселона қаласында 300 мыңнан астам адам Палестина халқына қолдау білдіру үшін көшеге шықты. Жергілікті басылымдар бұл шеру қаланың тарихындағы ең ірі саяси акциялардың бірі болғанын атап өтті. Қатысушылар «Оқ атуды тоқтатыңдар!», «Палестинаға бостандық!», «Израильге эмбарго!» деген ұрандармен жүрді.

Италияның астанасы Римде де 250 мыңнан астам адам қатысқан бейбіт марш өтті. Наразылар үкіметтен Израильмен әскери және сауда қатынастарын тоқтатуды талап етті. Шараға адам құқықтары ұйымдары, студенттік одақтар және дін өкілдері қатысты.

Азияда да Палестинамен ынтымақ артып келеді. Оңтүстік Корея астанасы Сеулде мыңдаған азамат Израильдің Газаға жасаған операцияларына қарсы шықты. Олар гуманитарлық көмекті көбейтуді және балалар өліп жатқан соғысты дереу тоқтатуды талап етті.

Канадада мыңдаған адам Оттава мен Торонто көшелеріне жиналып, Газа қасіретін «адамзатқа қарсы қылмыс» деп атады. Наразылар халықаралық ұйымдарды әрекетсіздікпен айыптап, әділ ұстанымға шақырды.

Мароккода өткен митингілерде ондаған мың азамат «Сумуд» деп аталатын жаһандық флотилия бастамасын қолдады. Олар Газа халқы үшін гуманитарлық дәліз ашуды және әділдік орнатуды талап етті.

Түркияда да белсенділік жоғары болды — Ыстамбұлда Айя-Софиядан Эминөнү алаңына дейінгі ірі шеруге мыңдаған адам қатысты. Қолдарында Палестина туы бар адамдар «Газаны босатыңдар!» деген ұрандармен соғысты айыптап, мұсылман әлемінің бірігуі керек екенін айтты.

Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінде де Палестина мәселесі қайтадан талқыланды. Бірқатар елдер Газадағы жағдайды қатаң айыптап, шұғыл түрде атысты тоқтатуға шақырды. Еуропалық Одақ әлі бірыңғай ұстанымға келмегенімен, Германия мен Ирландия сияқты елдер Израильге әскери көмекті шектеу туралы бастама көтерді.

АҚШ дәстүрлі түрде Израильді қолдап отырғаны үшін халықаралық қауымдастықтан қатты сынға ұшырады. Вашингтонның бұл позициясы тек араб әлемінде ғана емес, Батыс елдерінде де наразылық тудырды.

Түркия, Оңтүстік Африка және Латын Америкасындағы кейбір елдер Палестинаны ашық қорғады. Олар Газадағы әскери әрекеттерді адам құқықтарына қайшы деп атап, Израильге қысымды күшейтуді талап етті.

Әлем бойынша миллиондаған адам Палестина үшін бейбітшілік пен әділдік талап етіп көшеге шығып, соғыс адамдарға тек қайғы мен шығын әкелетінін тағы бір еске салды.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Барселонадан Стамбулға дейін — Палестинаға қолдау толқыны артып келеді