date

Италия қоғамдық орындарда паранжа мен бетперде киюге тыйым салғысы келеді

Италия қоғамдық орындарда паранжа мен бетперде киюге тыйым салғысы келеді

Италияда діни киім мәселесі қайтадан қызу талқылау ортасында тұр. Премьер-министр Джорджия Мелони басқаратын «Италия бауырлары» (Fratelli d’Italia, FDI) партиясы парламентке қоғамдық орындарда бурка, никаб және паранджа киюге тыйым салатын жаңа заң жобасын ұсынды. Бұл туралы партияның ресми сайтында хабарланды.

Заң бастамасы тек діни киімге шектеу қоюды ғана емес, елдегі мешіттердің қаржыландыру көздерін ашық және айқын бақылауға алуды да көздейді. Бұл ұсыныс Италияда діни азшылықтардың құқықтары мен ұлттық қауіпсіздік мәселесіне қатысты пікірталастарды қайта жандандырды.

Заң жобасы нені қамтиды?

FDI партиясының депутаттары парламенттің төменгі палатасы — Депутаттар палатасына «Кемсітушілікке қарсы» атты құжатты енгізді. Онда бурка, никаб және паранджа киюге мемлекеттік мекемелерде, білім беру ұйымдарында және басқа да қоғамдық орындарда тыйым салу ұсынылған. Сонымен қатар мешіттердің қызметінде қаржылық ашықтық талаптары енгізіледі: егер діни ұйымдар шетелден қайырымдылық немесе инвестиция қабылдаса, бұл туралы ашық есеп беруі тиіс болады.

Заң жобасында сондай-ақ «мәжбүрлі некеге» қатысты жауапкершілікті күшейту қарастырылған. Яғни ата-аналар немесе туыстар қыздарын мәжбүрлеп тұрмысқа берсе, бұл ауыр қылмыс ретінде бағаланып, жазасы күшейтіледі.

Тыйымды бұзғандарға айыппұл салынады

Құжатқа сәйкес, қоғамдық орындарда паранджа немесе бурка киген адамдарға 300-ден 3000 еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін. Ресми тұлғалардың айтуынша, бұл шараның мақсаты — «қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және италиялық әйелдердің еркіндігін қорғау».

Биыл жыл басында Мелони коалициясындағы басқа оңшыл партия — «Лига» да ұқсас заң жобасын парламентке енгізген болатын. Алайда ол тек жүзді жауып тұратын киімдерге қатысты болып, FDI ұсынысына қарағанда ауқымы тарлау еді.

Қазір «Лига» жобасы парламент комитетінде қаралуда. Сарапшылардың пікірінше, екі бастама болашақта біріктірілуі мүмкін. Әзірге талқылау күні белгіленбеген, бірақ парламенттегі оңшыл күштердің басымдығы заңның қабылдану ықтималдығын арттырып отыр.

Сарапшылар не дейді?

Саясаткерлер мен құқықтанушылар бұл бастаманы түрліше бағалауда. Кейбіреулер оны «ұлттық қауіпсіздікті нығайту шарасы» деп қолдаса, басқалары «діни азшылықтардың жеке еркіндігін шектеу» деп сынға алуда.

Еуропалық құқық қорғау ұйымдары Италия үкіметін діни еркіндік пен адам құқықтарын қамтамасыз етуге шақырды. Алайда Мелони үкіметі өз ұстанымынан тайынбай отыр — олардың пікірінше, «әр адамның еркіндігі қауіпсіздік шегінен аспауы тиіс».

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Италия қоғамдық орындарда паранжа мен бетперде киюге тыйым салғысы келеді