date

Трамптың сыншысы — Нью-Йорк бас прокурорына іс қозғалды

Трамптың сыншысы — Нью-Йорк бас прокурорына іс қозғалды

9 қазан күні АҚШ-тың Вирджиния штатындағы алқабилер соты елдің саяси аренасында жаңа дүрбелең тудырған шешім қабылдады. Президент Дональд Трамптың басты қарсыласының бірі саналатын Нью-Йорктың бас прокуроры Летисия Джеймс банк алаяқтығында айыпталды. Бұл туралы жергілікті БАҚ хабарлады.

Мәліметтерге қарағанда, Джеймс 2020 жылы Вирджиниядағы жылжымайтын мүлікті сатып алу үшін тиімді несие алу мақсатында жалған ақпарат берген деген күдікпен тергелуде.

Қызығы, дәл осындай айыптаулар бұған дейін Трамптың тағы бір сыншысы — ФБР-дың бұрынғы директоры Джеймс Комиге де тағылған еді.

Екі істі де Дональд Трамп тағайындаған прокурор Линдси Халлиган жүргізіп жатыр. Бұрынғы прокурор Джеймс пен Комиге қарсы қылмыстық іс қозғауға жеткілікті дәлел жоқ екенін айтып, отставкаға кеткен болатын.

Айыптауларға жауап берген Летисия Джеймс барлық айыптауларды жоққа шығарып, оларды “саяси кек алу” деп атады.
— Трамп тек жеке пайдасы мен өш алу сезімімен әрекет етуде, — деді ол баспасөз мәслихатында.

Қыркүйек айында Трамп әлеуметтік желіде Джеймс, Коми және демократ сенатор Адам Шиффті “оларға қатысты тергеу әлі басталмағаны үшін” сынаған болатын. Көп ұзамай, АҚШ Әділет министрлігі расымен Комиге айып тағып, Шифф пен Джеймс бойынша да тергеу бастады.

Президенттің жақын одақтасы, Федералдық тұрғын үй қаржыландыру агенттігінің басшысы Билл Палт оларды құжаттарды қолдан жасауда айыптады, бірақ айғақ келтірмеді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл оқиға АҚШ-тағы саяси күрестің жаңа кезеңінің бастамасы болуы мүмкін. Бір жағында — қылмыстық істермен айыпталып жатқан қарсыластар, екінші жағында — саяси реваншқа дайындалып жатқан Трамп.

Қазіргі таңда Летисия Джеймс істі сот арқылы тоқтатуға және өз кінәсіздігін дәлелдеуге ниетті.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Трамптың сыншысы — Нью-Йорк бас прокурорына іс қозғалды