date

Сеулде азаматтар үшін ядролық баспана салынады

Сеулде азаматтар үшін ядролық баспана салынады

Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде алғашқы азаматтық ядролық бункердің құрылысы жоспарлануда, деп хабарлады Korea Herald. Жаңа нысан қаланың Сонпха-гу ауданына қарасты Гарак-дон махалласындағы тұрғын үй кешенінің астында салынбақ.

Мәліметтерге қарағанда, бұл жоба елдің азаматтық қауіпсіздігін нығайту және ықтимал ядролық немесе химиялық қауіптерге жауап беру мақсатында жүзеге асырылады. Үкімет пен Сеул тұрғын үй және коммуналдық қызметтер корпорациясы бункер құрылысын 2028 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Бункердің негізгі міндеті — азаматтарды ядролық, биологиялық және химиялық шабуылдардан қорғау. Ол үшінші жерасты қабатында орналасып, 16 көпқабатты үйден тұратын жаңа тұрғын кешенінің құрамына кіреді.

Аумағы 2147 шаршы метр болатын жерасты панасы бір мезгілде 1020 адамды орналастыра алады. Ол желдету, су жеткізу, сақтау жүйелерімен және кәрізбен жабдықталады. Бұл құрылым төтенше жағдайда адамдарға 14 күнге дейін жерастында дербес өмір сүруге мүмкіндік береді.

Жобаның ерекшелігі — оның қос мақсатта пайдаланылуында. Бейбіт уақытта бункер қоғамдық фитнес орталығы ретінде жұмыс істейді, ал қауіп төнген жағдайда қорғаныс нысанына айналады. Бұл Оңтүстік Кореяда тек азаматтық мақсатта салынған және ядролық жарылысқа төтеп бере алатын алғашқы нысан болмақ.

Қала әкімшілігінің айтуынша, бұл бастама жаңа жаһандық шындық пен қауіп-қатерлерге сай азаматтық қорғаныс жүйесін жаңарту қажеттілігінен туындаған.

«Қазіргі қауіптер бұрынғылардан мүлде өзгеше. Осы жоба арқылы біз паналардың маңызын арттырып, Сеул тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздеп отырмыз», — делінген қала әкімшілігінің мәлімдемесінде.

Бункер құрылысы елдегі «Сеул қорғанысы–2030» бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Бұл бағдарлама аясында үкімет ядролық, биологиялық немесе химиялық шабуылдар кезінде халықты жедел қорғауға мүмкіндік беретін қорғалған паналар желісін құруды жоспарлап отыр.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары КХДР жүргізіп жатқан ядролық сынақтардың саны көбейіп, аймақтағы қауіп деңгейі артқан. Сондықтан Оңтүстік Корея билігі қауіпсіздік инфрақұрылымын тек әскери емес, азаматтық салада да күшейтуді маңызды деп есептейді.

Сеулдегі жаңа бункер — тек заманауи қорғаныс жобасы ғана емес, жаңа шындық жағдайында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып саналады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Сеулде азаматтар үшін ядролық баспана салынады