date

Газа секторында жаңа дәуір: билікті 15 технократ алады

Газа секторында жаңа дәуір: билікті 15 технократ алады

Соғыстан кейін Газа секторындағы басқару жүйесі түбегейлі жаңаруда. Times of Israel басылымының хабарлауынша, Мысырдың сыртқы істер министрі Бадр Абдулати аймақты енді 15 палестиналық технократтан тұратын арнайы комитет басқаратынын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, үміткерлер іріктеліп, Израиль тарапы тексерген.

Министр атап өткендей, «әкімшілік комитет» деп аталатын бұл топ Газа халқының күнделікті өмірін тұрақтандырумен, инфрақұрылымды қалпына келтірумен және азаматтық институттарды қайта іске қосудың үстінде жұмыс істейді. «Біз оларды халықтың тұрмысын қамтамасыз етуге бағыттаймыз, ал “Бейбітшілік кеңесі” Газаға бөлінетін халықаралық қаржы ағындарын қадағалап, басқарып отырады», — деді Абдулати Associated Press агенттігіне.

Деректерге қарағанда, жаңа комитет барлық палестиналық саяси фракциялар, соның ішінде ХАМАС тарапынан да мақұлданған. Мысыр тарапы бұл келісім «өтпелі кезеңде» саяси қайшылықтарды жұмсартуға және халықтың тұрмысын тұрақтандыруға бағытталғанын атап өтті.

Абдулати сондай-ақ ХАМАС Трамптың «бейбітшілік жоспарын» қолдайтынын, бірақ өтпелі кезеңде саяси рөл атқармайтынын айтты. Өз кезегінде Израиль бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, гуманитарлық көмектің үздіксіз жеткізілуіне кепілдік бере отырып, Газа секторынан әскерін шығара бастауға тиіс.

Айта кетсек, АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Газа секторын қалпына келтіру үшін «Бейбітшілік кеңесін» құру бастамасын ұсынған еді. Оның жоспарына сәйкес, кеңеске тікелей Трамптың өзі басшылық жасап, қалпына келтіру процесін қаржылық және ұйымдастырушылық тұрғыдан үйлестірмек.

10 қазан күні Израиль үкіметі ХАМАС-пен атысты тоқтату және тұтқындарды босату туралы келісімді мақұлдады. Бұл Трамп әкімшілігі ұсынған «бейбітшілік жоспарының» алғашқы кезеңі болды. Келісім бойынша, Израиль әскері анклав аумағының 53 пайызын бақылауда ұстай отырып, жаңа позицияларға шегінді. 13 қазанда соңғы 20 палестиналық тұтқын босатылды.

Технократтар — саясатты емес, тәжірибені басым қоятын мамандар. Олардың басты мақсаты — білім мен тәжірибе негізінде саяси қақтығыстарсыз басқарудың тиімділігін арттыру. Жаңа құрылым дәл осындай мамандарға сүйене отырып, Газаның бейбіт әрі тұрақты болашағын қалыптастыруға ұмтылуда.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Газа секторында жаңа дәуір: билікті 15 технократ алады