date

Трамп: “ХАМАС адам өлтіруді тоқтатпаса, жауап қатал болады”

Трамп: “ХАМАС адам өлтіруді тоқтатпаса, жауап қатал болады”

АҚШ президенті Дональд Трамп 16 қазан күні ХАМАС ұйымына қарсы қатаң мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, егер Газа секторындағы палестиналық жауынгерлер бейбіт тұрғындарға қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатпаса, АҚШ немесе оның одақтастары бейтарап қалмайды. Бұл туралы Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында жазды.

“Егер олар адамдарды өлтіруді жалғастырса, бізде тек бір амал қалады — ішке кіріп, оларды жою,” — деді АҚШ басшысы. Ол операцияға қай күштердің қатысатынын нақтыламады.

Бұған дейін Трамп ХАМАС-тың кей әрекеттерін “өте жаман топтарға қарсы шара” деп сипаттап, “бәрі жақсы” деген еді. Алайда Газаның оңтүстігінде түсірілген жазалау видеосы тарағаннан кейін жағдай күрт өзгерді.

Хабарларға қарағанда, бейнеде шамамен сегіз адамның өлім жазасына кесілгені көрінеді. DPA агенттігінің дерегінше, ХАМАС бұл адамдарды Израиль армиясымен ынтымақтастық жасады деп айыптаған. Германияның Сыртқы істер министрлігі оқиғаны “қорқынышты” деп атады, ал Палестина әкімшілігі оны қатты айыптады.

Өз кезегінде Израиль үкіметі ХАМАС-тан барлық тұтқындардың мәйіттерін тапсыруды талап етті. Егер бұл орындалмаса, Израиль Газа секторында әскери іс-қимылдарды қайта бастайтынын ескертті. Ресми деректер бойынша, ХАМАС барлығы 28 адамның денесін тапсыруы тиіс. Қазіргі таңда 10 мәйіт қабылданған, олардың бірі Газаның беймәлім тұрғыны болып шыққан.

Трамп бұл мәселені Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен талқылайтынын айтты. CNN арнасына берген сұхбатында ол: “Егер ХАМАС келісімді бұзса, Израиль күштері бірден көшелерге қайта оралуы керек — бұл мен айтқан сәтте жүзеге асады,” — деді.

Сондай-ақ АҚШ президенті ХАМАС қарусыздану шарттарын орындамаса, оған әскери соққы жасалуы мүмкін екенін тағы да ескертті.

Сарапшылардың пікірінше, Трамптың бұл мәлімдемесі Газа төңірегіндегі жағдайды одан әрі ушықтыруы ықтимал. Алайда Вашингтондағы дереккөздер Ақ үй әзірге тікелей әскери қимыл жоспарын талқылап жатқан жоқ деп хабарлайды — басты мақсат дипломатиялық қысым арқылы келісімді қамтамасыз ету.

Соған қарамастан, Трамптың соңғы сөздері АҚШ-тың Газа қақтығысына қатысты ұстанымының қатайғанын көрсетеді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Трамп: “ХАМАС адам өлтіруді тоқтатпаса, жауап қатал болады”