date

Әлемде екі жылда 163 журналист қаза тапты

Әлемде екі жылда 163 журналист қаза тапты

Бүкіл әлемде соңғы екі жыл ішінде кемінде 163 журналист қаза тапқан, деп хабарлады Біріккен Ұлттар Ұйымы. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің айтуынша, бұл сан ЮНЕСКО-ның 2023 жылдың тамызынан 2025 жылдың мамырына дейінгі есебінде келтірілген.

Қаза тапқандардың 109-ы соғыс аймақтарында көз жұмған, олардың арасында 12 әйел бар. Ең көп құрбандар Газа секторында (46 адам), Суданда (13 адам) және Украинада (8 адам) тіркелген.

Алайда қауіп тек соғыс аймақтарымен шектелмейді. Мексикада жағдай да өте қауіпті — ол жерде 15 БАҚ қызметкері өлтірілген. Жалпы алғанда, ең көп кісі өлтіру жағдайлары араб елдерінде (82) тіркелген. Одан кейін Латын Америкасы мен Кариб теңізі елдері (34), Азия-Тынық мұхиты аймағы (30), Еуропа мен Солтүстік Америка (12) тұр.

БҰҰ деректері бойынша, журналистерге қарсы жасалған қылмыстар үшін жазасыздық деңгейі әлі де жоғары. Оның негізгі себептері — сот жүйесінің әлсіздігі, сыбайлас жемқорлық және саяси ерік-жігердің жетіспеушілігі.

«Шекарасыз тілшілер» ұйымының мәліметінше, 2023–2025 жылдар аралығында әлем бойынша кемінде 1 163 журналист тұтқындалған. Олардың 568-і әлі де түрмеде, негізінен Беларусь, Қытай, Израиль, Мьянма және Ресейде ұсталып отыр.

Еске сала кетсек, БҰҰ 2 қарашаны журналистерге қарсы жасалған қылмыстарда жазасыздықты жою күні ретінде белгілеген. Бұл күн сөз бостандығын және шындық үшін күресіп жүргендерді қорғаудың маңыздылығын еске салады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Әлемде екі жылда 163 журналист қаза тапты