date

Трамптың Украинаға қатысты жоспары төңірегінде қысым мен пікірталас күшейді

Трамптың Украинаға қатысты жоспары төңірегінде қысым мен пікірталас күшейді

Axios басылымы Дональд Трамп әкімшілігі әзірлеген Украинадағы соғысты тоқтату жоспарының қара нұсқасын жариялады. Басылым құжаттың шынайылығын Украина мен АҚШ ресмилері растағанын атап өтті. Сонымен қатар, бұл жобаны бұған дейін Жоғарғы Рада депутаты Алексей Гончаренко да жариялаған. Жоспар 28 тармақтан тұрады және Украинаның болашағы мен аймақтық қауіпсіздік жүйесіне елеулі әсер ететін бірқатар ұсыныстарды қамтиды.

Вашингтонның қысымы. Financial Times мәліметінше, Трамп әкімшілігі Киевтен бітім шартын бірнеше күн ішінде мақұлдауды талап етіп отыр. Дереккөздердің айтуынша, АҚШ ресмилері Украина президенті Владимир Зеленскийдің келісімге ризашылық күніне дейін қол қойғанын қалайды. Алайда украиналық шенеуніктер бұл мерзімді сақтау қиын екенін айтты.

20 ноябрьде Зеленский АҚШ армиясының министрі Дэниел Дрисколл бастаған делегацияны қабылдады. Келіссөздер барысында америкалықтар бейбітшілік жоспарын ресми түрде ұсынды. Кешкі үндеуінде Зеленский Украинаға "лайықты бейбітшілік" қажет екенін айтып, негізгі қағидаттар белгіленгенін атап өтті. Украинаның БҰҰ-дағы өкілінің орынбасары Кристина Гаевишин Киевтің өз "қызыл сызықтары" бар екенін, олар "нақты және бұзылмайтын" екенін атап өтті.

Трамп жоспарының негізгі тармақтары (қысқаша мазмұны)

Аумақтар мәселесі:

- Қырым, Донецк және Луганск АҚШ тарапынан де-факто Ресей аумағы ретінде мойындалады;

- Херсон мен Запорожье майдан шебі бойынша бөлінеді;

- Ресей Суми мен Харьковтегі басып алынған аумақтардан толық шегінеді;

- Украина Донецк қаласынан әскерін алып кетеді және бұл аймақ Ресей құрамында буферлік аймаққа айналады.

Әскери мәселе:

- Украина армиясын 600 мыңға дейін қысқартады (қазіргі 800-850 мың орнына).

НАТО бойынша шарттар:

- Украина НАТО-ға кірмеу туралы бапты Конституцияға енгізеді;

- НАТО да Украинаны болашақта қабылдамау туралы міндеттеме алады;

- Бірақ Украина ЕО-ға қосылу құқығын сақтайды;

- НАТО Украинаға әскер кіргізбейді, жойғыш ұшақтар Польшада орналастырылады;

- Ресей Еуропа мен Украинаға шабуыл жасамауға, НАТО аумағын кеңейтпеуге кепілдік береді.

Қаржы нүктесі:

- Ресейдің мұздатылған активтерінен 100 миллиард доллар Украинаны қалпына келтіруге бағытталады;

- Бұл қаражаттан түсетін пайданың 50% АҚШ-қа тиесілі болады;

- Еуропа тағы 100 млрд доллар қосады;

- Қалған активтер АҚШ-Ресей инвестициялық қорына бағытталады.

Саяси бөлім:

- Ресейге қарсы санкциялар кезең-кезеңімен жойылады;

- Ресей G8 форматына қайта тартылуы мүмкін;

- Келісімнен 100 күн өткен соң Украинада сайлау өтеді;

- Соғысқа қатысқан барлық тараптарға толық рақымшылық жасалады;

- Құжатқа қол қойылысымен атыс тоқтатылады.

Украинаның наразылығы

The Wall Street Journal мәліметінше, Киев бейбітшілік жоспарының ең маңызды тармақтарының бірі - соғыс кезіндегі халықаралық көмекті тексеру туралы талапты қабылдамаған. АҚШ бұл аудит сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтай алатынын айтса, Украина оған жауап ретінде "соғыс кезіндегі әрекеттер үшін толық амнистия" қажет екенін мәлімдеді.

Қорытындылай келе, Трамп жоспары төңірегіндегі пікірталастар күшейіп, екі тараптың мүдделері арасында айтарлықтай қарама-қайшылық байқалады. Бейбітшілікке деген ұмтылыс бар, бірақ әрбір тармақ Украина үшін өте үлкен саяси және аумақтық салдары бар. Келіссөздер жақын күндері одан әрі шиеленіседі деп күтілуде.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Трамптың Украинаға қатысты жоспары төңірегінде қысым мен пікірталас күшейді