date

Италиядағы бір ауылда 30 жылдан кейін алғаш рет сәби дүниеге келді

Италиядағы бір ауылда 30 жылдан кейін алғаш рет сәби дүниеге келді

Италияда соңғы отыз жыл ішінде алғаш рет ауылдардың бірінде бала тууы тіркелді. Абруццо аймағында, Апеннин тауларының баурайында орналасқан Пальяра-дей-Марси ауылында Лара есімді қыздың дүниеге келуі елде тереңдеп бара жатқан демографиялық дағдарыс мәселесін қайта көтерді.

Гарифалко тауының етегінде орналасқан бұл көне ауылда бүгінде адамдардан гөрі мысықтар көп. Тар көшелерде еркін жүретін мысықтардың дауысы, The Guardian тілшісі Анжела Жуфриданың айтуынша, халық санының ұзақ жылдар бойы азаюынан пайда болған тыныштықты толтырып тұрғандай.

Лара Бусси Трабукко — осы ауылда 30 жылда туған алғашқы сәби. Оның дүниеге келуімен Пальяра-дей-Марсидің халқы шамамен 20 адамға жетті. Ауыл шіркеуінде өткен шоқындыру рәсіміне бүкіл жергілікті қауым қатысты, тұрғындардың айтуынша, тіпті мысықтар да бұл оқиғаның куәсі болған.

Сәбидің тууы ауыл үшін соншалықты ерекше жағдай болды, қазір Лара туристердің назарын аударатын нышанға айналды. «Бұрын ауылымыздың бар екенін де білмеген адамдар енді Лара үшін келіп жатыр», — дейді оның анасы Чинсия Трабукко. Оның айтуынша, қыз небәрі тоғыз айлық болса да, Италия бойынша танымал бола бастаған.

Журналист Анжела Жуфрида Лараның дүниеге келуін бір жағынан үміт белгісі, екінші жағынан Италиядағы демографиялық мәселелер туралы ескерту ретінде бағалайды. Италияның Ұлттық статистика институтының дерегінше, 2024 жылы елдегі туу саны соңғы 16 жылдағы ең төменгі көрсеткішке — 369 944-ке түсті. Бір әйелге шаққандағы бала саны орта есеппен 1,18 болып, бұл Еуропалық одақтағы ең төмен көрсеткіштердің бірі саналады.

Мамандар туу көрсеткішінің төмендеуін жұмыс орындарының жетіспеушілігімен, жастар арасындағы көші-қонның артуымен, жұмыс істейтін аналарға қолдаудың аздығымен және ерлер бедеулігінің көбеюімен байланыстырады. Сонымен қатар Италияда саналы түрде бала сүймеуді таңдаған адамдар саны да артып келеді.

2025 жылдың алғашқы жеті айындағы алдын ала деректер туу санының одан әрі азайғанын көрсетіп отыр. Абруццо аймағында бір жыл ішінде туу көрсеткіші 10,2 пайызға қысқарған.

Пальяра-дей-Марси шағын ауыл болғанымен, ол бүгінгі Италияның жалпы көрінісін айқын көрсетеді: халық қартайып барады, мектептер жабылуда, ал болашақ бұлыңғыр.

Лара дүниеге келгеннен кейін оның ата-анасы 2025 жылдың қаңтарынан бастап енгізілген бір реттік 1000 еуро көлеміндегі «бала бонусын» алды. Сонымен қатар отбасы ай сайын шамамен 370 еуро жәрдемақы алады. Алайда The Guardian басылымының жазуынша, басты мәселе — бала тәрбиесін еңбек қызметімен үйлестіру.

Лараның ата-анасы оның болашақтағы біліміне де алаңдайды. Пальяра-дей-Марсиде мектеп ондаған жыл бұрын жабылған, ал жақын қалалардағы білім беру мекемелерінің ұзақ мерзімді жұмысы әзірге белгісіз. Соған қарамастан ауыл тұрғындары Лараны үміт пен жаңа өмірдің символы ретінде қабылдап отыр.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Италиядағы бір ауылда 30 жылдан кейін алғаш рет сәби дүниеге келді