Президенттің немересі болу оңай емес: Кай Трамптың шағымы

АҚШ президенти Дональд Трамптың 18 жастағы немересі Кай Трамп жеке өміріндегі ең үлкен «қиындықтардың» бірі туралы ашық айтты — оның соңынан әрдайым Құпия қызмет қызметкерлері еріп жүреді.
Кай бұл туралы 76 миллион жазылушысы бар инфлюенсер Логан Полдың Impaulsive подкастында айтты. Оның сөзінше, Құпия қызмет өміріне кіргеннен кейін бәрі күрт өзгерген: қарапайым жағдайлардың өзі де оғаш көріне бастаған.
«Бұл өте ауыр. Достарыңмен, бір топ қыздармен бірге отырғанда, шамамен бір метр артыңда алып бір ер адам тұрса — көңіл күй автоматты түрде өзгереді», — дейді ол.
Кайдың айтуынша, кездесулер кезінде бұл әсіресе қолайсыз: агенттер «көңіл-күйді бұзатын факторға» айналады. «Шынымды айтсам, бір жігітпен кездесуде болып, оның сенен екі үстел ары отырып алуы шынымен де қолайсыз. Бұл сәл оғаш. Бірақ мүмкіндігінше бұған мән бермеуге тырысамын», — дейді Кай.
Кай 2024 жылы атасы Дональд Трамп президент болып сайланғаннан кейін «зейін қойып, күзетшілерді жоқ сияқты қабылдауға» мәжбүр болғанын айтты. Яғни қалыпты жастық — қағаз жүзінде бар, ал іс жүзінде үнемі бақылаудасың.
Қызығы, Кайдың бұл мәселесі тек оған ғана қатысты емес. Оның ағасы Баррон Трамп та кездесулерде дәл осындай қиындықтарды бастан кешіріп жүр деген әңгіме бар. Page Six таблоидының жазуынша, Барронның кездесуге шығуы үшін Trump Tower ғимаратының тұтас бір қабаты тексеріліп шыққан.
Кай әзірге отбасы құру туралы ойламайтынын ашық айтты. Оның айтуынша, анасы Ванесса Трамп әрдайым бір нәрсені айтып отырады: алдымен карьераңа мән бер, оны жолға қойғаннан кейін қалғанымен айналысасың. Кай да дәл осы жолды таңдап, алдымен гольфтағы карьерасын дамытып, турнирлерде жеңіске жетуді қалайды.
Қысқасы, «президенттің немересі» деген мәртебе сырттай әдемі көрінуі мүмкін, бірақ ішінен қарағанда бұл — қалыпты өмірге тұрақты шектеу. Ал жастықтың қызығы… күзетшілермен бірге «рұқсатнамамен» кіріп келеді.