Қытайлық ғалымдар алты күнде өздігінен жойылатын «тірі пластик» ойлап тапты

Қытайлық ғалымдар ғылым әлемінде тағы бір ерекше жаңалықпен жұртшылықтың назарын аударды. Олар бұйрық берілгенде өздігінен ыдырайтын «тірі пластик» жасап шығарды. Ең бастысы, бұл инновациялық материал микропластик түзбейді және қоршаған ортаны ластамайды. Бұл туралы The Independent басылымы хабарлады.
Қазіргі уақытта өндірілетін көптеген пластик өнімдері бір рет пайдалануға арналған. Алайда мұндай материалдар табиғатта жүздеген жылдар бойы сақталып, экологиялық мәселелерді ушықтырып отыр.
Зерттеу авторы Чжуоцзюнь Дай дәстүрлі пластиктердің ғасырлар бойы жойылмайтынын атап өтті. Сондықтан ғалымдар ыдырау қасиетін материалдың өз құрамына енгізу идеясымен жұмыс істеді.
Жаңа буын «тірі пластигінің» құрамында пластикті жейтін ферменттерді өндіретін арнайы микробтар бар. Ғалымдар тәжірибе барысында Bacillus subtilis бактериясының екі түрін пайдаланды.
Бұл бактериялар пластикті небәрі алты күн ішінде толық ыдыратып жіберетіні белгілі болды. Ең қызығы, процесс аяқталғаннан кейін зиянды микропластик қалдықтары да қалмайды. Бактериялар пластик ішіне спора түрінде орналастырылады және қажет болған кезде «оятылады».
Зерттеушілер бактерия спораларын 3D басып шығару технологияларында кеңінен қолданылатын поликапролактон материалының құрамына қосқан. Пластикті ыдырату үшін оны арнайы қоректік ерітіндіге салып, температураны 50 градусқа дейін көтеру жеткілікті. Сонда спора түріндегі бактериялар белсендіріліп, материалды ұсақ бөлшектерге бөле бастайды.
Ғалымдардың пікірінше, екі түрлі бактерияның бірлескен әрекеті бір бактерия түріне қарағанда әлдеқайда тиімді. Себебі олардың бірі пластик тізбектерін ортасынан кессе, екіншісі шеткі бөліктерін «кеміру» арқылы процесті жылдамдатады.
Қазіргі уақытта мамандар бактерияларды су ортасында да белсендіру бойынша жұмыс істеп жатыр. Өйткені пластик қалдықтарының негізгі бөлігі теңіздер мен су қоймаларына түсуде. Сонымен қатар, бұл технологияны болашақта пластик өнімдерінің басқа түрлеріне де қолдану жоспарлануда.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!