date

Өзбекстанда "жасыл энергия" үлесі тарихи 23 пайызға жетті

Өзбекстанда "жасыл энергия" үлесі тарихи 23 пайызға жетті

Өзбекстанда жаңартылатын энергия көздері - күн және жел станциялары арқылы өндірілетін электр энергиясының көлемі қарқынды өсуде. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері елдегі "жасыл энергия" нысандары жалпы 14,5 миллиард киловатт-сағат (кВтсағ) электр энергиясын өндірген. Бұл елдегі жалпы генерацияның шамамен 23 пайызын құрайды.

Қазіргі уақытта тек күн және жел станциялары есебінен 9 миллиард кВт/сағ энергия өндірілген. Бұл көрсеткіш жаңа рекорд ретінде тіркеліп қана қоймай, елдің энергетикалық жүйесінде табиғи газдан бас тартуға қадам жасалғанын көрсетеді.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде ел бойынша қуаты 4 682 мегаваттқа тең 12 күн және 5 жел электр станциясы жұмыс істейді. Олар негізінен Науаи, Бұхара, Қашқадария және Жызақ облыстарында орналасқан, әрқайсысы республиканың энергетикалық жүйесіне тұрақты ток жеткізіп отыр.

"Жасыл энергия" есебінен биылдың өзінде 2,7 миллиард текше метр табиғи газ үнемделді, сондай-ақ атмосфераға шығуы мүмкін 4 миллион тонна зиянды заттардың алды алынды, делінген министрліктің мәлімдемесінде. Бұл экономикалық тиімділік тұрғысынан ғана емес, экологиялық тұрақтылық тұрғысынан да маңызды қадам болып табылады.

Күн және жел энергиясы есебінен өндірілген жалпы көлем елдегі 7,5 миллион үйдің электр энергиясына деген 10 айлық қажеттілігін немесе шамамен 6 миллион үйдің толық бір жылдық қажеттілігін өтеуге тең екені айтылады.

Ең қызығы, бір ай бұрын, яғни 23 қыркүйекте бұл көрсеткіш шамамен 8 миллиард кВтсағ болған. Яғни, бір ай ішінде ел "жасыл энергия" өндіруде 1 миллиард кВтсағ-тан астам өсімге қол жеткізді.

Мамандардың айтуынша, бұл өсу үрдісі 2026 жылы одан әрі қарқын алады деп күтілуде. Себебі - бұл кезеңде Жаңа Зарафшан, Науаи және Бұхарада қосымша күн және жел станцияларын іске қосу жоспарланған.

Энергетика саласы сарапшыларының айтуынша, "жасыл энергия" үлесінің 23 пайызға жетуі Өзбекстан үшін тарихи көрсеткіш. Бұл сан елдің 2030 жылға қарай "жасыл энергия" үлесін 40 пайызға жеткізу мақсатына жақындап келе жатқанын көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың бірінші жартысында да күн фотоэлектр станциялары арқылы энергия өндіру 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өскен еді. Сонымен қатар, жел энергиясының үлесі де елдің жалпы генерация жүйесінде айтарлықтай өсті.

Осылайша, "жасыл энергия" секторы табиғатты қорғауда ғана емес, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де маңызды факторға айналуда. Сарапшылардың пікірінше, бұл бағыттағы тұрақты қадамдар таяу жылдары Өзбекстанды Орталық Азияның "жасыл энергия орталығына" айналдыруы мүмкін.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Экономика » Өзбекстанда "жасыл энергия" үлесі тарихи 23 пайызға жетті