«Арыстан патша» мультфильмінің режиссёры өмірден өтті

Disney компаниясының ең танымал анимациялық жобаларының бірі — «Арыстан патша» мультфильмін жасауға қатысқан режиссёрлердің бірі Роджер Аллерс 76 жасында өмірден өтті. Бұл туралы оның жақын әріптесі әрі режиссёр Дэйв Боссерт ресми түрде хабарлады.
Боссерт әлеуметтік желілерде жариялаған естелігінде Аллерстің қазасы оны терең қайғыға салғанын айтты. Оның сөзінше, олар соңғы апталарға дейін байланыста болған, ал Аллерс өмірден өтер алдында Мысыр елін аралап жүрген. Сондықтан бұл жоғалту күтпеген әрі ауыр соққы болған.

Режиссёр досын ерекше талант иесі, терең ойлайтын суретші және Disney анимациясын жаңа деңгейге көтерген маңызды тұлғалардың бірі ретінде еске алды. Оның айтуынша, Аллерс студияның қайта өрлеу кезеңінде шешуші рөл атқарған шығармашылық тұлғалардың бірі болған.
Роджер Аллерс режиссёр Роб Минкоффпен бірлесіп 1994 жылы экранға шыққан «Арыстан патша» мультфильмін түсірді. Бұл туынды тек студия тарихында ғана емес, әлемдік анимация тарихында да ең табысты жобалардың бірі ретінде мойындалды. Түпнұсқа мультфильм әлемдік прокатта 771 миллион доллар табыс әкелді.
2019 жылы шыққан ремейк нұсқасы бүкіл әлем бойынша 1,6 миллиард доллар жинап, барлық уақыттағы ең көп табыс әкелген фильмдердің қатарына енді.
Аллерстің шығармашылық қызметі тек «Арыстан патша» мультфильмімен шектелмеген. Ол сондай-ақ «Аладдин», «Су перісі», «Сұлу мен Құбыжық», «Аңшылық маусымы», «Оливер және компания» сияқты көптеген танымал анимациялық жобаларға белсенді қатысқан.
Анимация әлемі тағы бір ұлы шығармашылық иесінен айырылды. Роджер Аллерс қалдырған мұра әлі де ұзақ жылдар бойы көрермендердің жүрегінде сақтала береді.