Артета төрешілерді «Арсеналға» қарсы дұрыс емес шешімдер қабылдады деп айыптады

«Арсенал» бас бапкері Микел Артета «Ньюкаслды» 1:0 есебімен жеңгеннен кейін төрешілік деңгейін қатты сынға алды. Маманның пікірінше, қарсыластардың қақпашысы Ник Поуп Виктор Гёкереске қарсы көрсеткен өрескелдігі үшін алаңнан шеттетілуі тиіс еді. VAR тексеруіне қарамастан төреші қақпашыға тек сары карточка көрсетумен шектелді. Бұл туралы Goal.com хабарлайды.
Артета соңғы екі ойында төрешілердің оның командасына қарсы әділетсіз шешімдер қабылдағанын атап өтті. Бапкер «Манчестер Сити»-мен ойында Әбдіқодыр Хусанов Кай Хаверцке қарсы ереже бұзған жағдайда да қызыл карточка алмағанын еске салды. Оның сөзінше, осындай маңызды сәттердегі қателіктер чемпиондық жарысқа тікелей әсер етеді.

«Мен бұл жағдайды он рет көрдім. Егер сіз футбол ойнаған болсаңыз, бұл анық қызыл карточка екенін білесіз. Егер жағдай керісінше болса, біздің футболшымыз алаңнан қуылған болар еді. Мен жеңілген кезде ғана емес, жеңген кезде де шындықты айтып отырмын», — деді Артета матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Жеңіске қарамастан, «Арсенал» құрамында шығындар пайда болды. Команда көшбасшылары Кай Хаверц және голдың авторы Эберечи Эзе жарақат салдарынан алаңды тастап шығуға мәжбүр болды. Енді олардың Чемпиондар лигасы жартылай финалында «Атлетикоға» қарсы матчта ойнауы сұрақ астында тұр.
