Гасперини Раньеримен келіспеушілік салдарынан баспасөз мәслихатынан жылап шығып кетті

«Рома» бас бапкері Джан Пьеро Гасперини А Сериясының «Аталантаға» қарсы ойыны алдында өткен баспасөз мәслихатында эмоциясын тізгіндей алмады. Маман клуб кеңесшісі Клаудио Раньеримен туындаған ашық жанжал салдарынан көз жасына ерік беріп, шараны мерзімінен бұрын аяқтады.
Бұл туралы Goal.com хабарлайды.
Жанжалға Раньеринің жақында берген сұхбаты себеп болған. Онда ардагер бапкер Гасперинидің өткен жазда клуб үшін тек төртінші таңдау болғанын және барлық трансферлер дәл осы қазіргі бапкердің келісімімен жүзеге асырылғанын атап өткен еді.

Гасперини бұл сөздерді күтпеген соққы деп атады.
«Раньери екеуміздің арамызда ешқашан мұндай реңкте әңгіме болған емес. Мен мұны күтпедім және мансабым бойында мұндай қарым-қатынасқа тап болмағанмын.

Клубқа, командаға және жанкүйерлерге зиян тигізбеу үшін бұл мәселе бойынша басқа түсініктеме бермеймін», — деді Гасперини.
Ішкі қайшылықтар тек Раньеримен шектелмеген. Бапкер клубтың медициналық штабымен де футболшылардың физикалық жағдайына қатысты келіспеушіліктер бар екенін растады.
Атап айтқанда, Уэслидің жарақаты және оның алаңға шығу мүмкіндігіне қатысты басшылық пен дәрігерлер арасындағы талас-тартыс жалғасуда.
Гасперини өзінің бұрынғы командасы «Аталантадағы» қызметін еске алғанда тіпті қатты тебіренді. Ол Бергамодағы ауызбіршілік пен клуб президенті Антонио Перкассимен болған тығыз қарым-қатынасын еске түсіріп, Римдегі қазіргі жағдайдан қатты күйзеліске түскенін көрсетті және залдан жылап шығып кетті.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!