date

Тунис азаматы президентті желіде сынағаны үшін өлім жазасына кесілді

Тунис азаматы президентті желіде сынағаны үшін өлім жазасына кесілді

Тунисте 56 жастағы Сабер Шушан ел президенті Қайс Саидті интернетте сынағаны үшін өлім жазасына кесілді. Бұл туралы Daily Mail басылымы хабарлады. Оның адвокаты Уссам Буталжанның айтуынша, Набель қаласындағы судья оны әлеуметтік желідегі жазбалары үшін кінәлі деп танып, өлім жазасын шығарған. Адвокат бұл шешімді «ғажайып және бұрын-соңды болмаған» деп сипаттап, үкімге шағымдың қазірдің өзінде берілгенін айтты.

Қорғаншының айтуынша, Сабер Шушан саяси белсенді емес, қарапайым аз білімді жұмысшы болып, тұтқындалғанға дейін президенттің саясатына наразылығын білдірген. Оның бауыры: «Біз бұрыннан кедейшілікте өмір сүріп жатырмыз, енді оған әділетсіздік пен қысым қосылды. Бұл шешімге сену қиын» деді.

Тунисте өлім жазасы өте сирек қолданылады және 30 жылдан астам уақыт бойы орындалмаған. Дегенмен, бұл шешім әлеуметтік желілерде кең көлемде наразылық пен пікірталастарға себеп болды. Көптеген тунис тұрғындары мен адам құқықтары қорғаушылары бұл әрекетті режимді сынаушыларды қорқыту әрекеті деп бағалады.

Еске салайық, биыл мамыр айында Сальвадор үкіметі де президент Найиб Букелені сынаған әйгілі адвокат Рут Элеонора Лопесті тұтқындаған болатын. Бұл оқиғалар әлем бойынша әлеуметтік желілерде мемлекет басшыларын сынға алу және сөз еркіндігі мәселесін қайтадан өзекті етті.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Тунис азаматы президентті желіде сынағаны үшін өлім жазасына кесілді